Димаш Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында аншлагпен өнер көрсетті

43

Munarmedia.kz 07.10.2025 /Астана/ Қазақстандық әлемдік жұлдыз Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі аңызға айналған Madison Square Garden сахнасында жеке концерт берген алғашқы қазақстандық орындаушы атанды. Бұл – елдің мәдени тарихындағы ерекше оқиға.

— Балалық шағымнан бері осы сахнада ән айту – менің арманым болатын. Себебі бокстың үлкен жанкүйері ретінде Мохаммед Әли мен Майк Тайсонның Madison Square Garden аренасындағы жеңістері мені әрдайым шабыттандыратын. Ал менің әнші болуымның басты себебі болған үш тенор – сондай-ақ Майкл Джексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион мен Андреа Бочелли сынды аңыз тұлғалар да дәл осы сахнада өнер көрсеткен, — деді Димаш концерт қарсаңында журналистерге.

🎶 31 жастағы әнші кеш барысында өз репертуарындағы ең танымал туындыларын — «Тау ішінде», «Любовь уставших лебедей» және тыңдарманға жаңа ұсынылған авторлық әндерін — «Самғау» мен «Living For The Game» шығармаларын орындады.

Димаштың Нью-Йорк төріндегі бұл концерті Қазақстан музыкасының жаңа кезеңін айқындап, ұлттық рух пен заманауи өнердің үндестігін паш етті.