Димаш Құдайбергенге арналған көрме Берлинде өтуде

31

Munarmedia.kz 17.11.2025 /Астана/ 12–17 қараша аралығында, Димаш Құдайбергеннің Еуропадағы жеке концерттерімен қатар, Берлинде қазақстандық әншіге арналған «JULDYZ» атты көрме ұйымдастырылды. Бұл туралы dimashnews.com сайтына сілтеме жасап Kazinform агенттігі хабарлады.



Экспозиция қойылған Erster Erster галереясы 14 қарашада «Stranger» шоуы өткен Max-Schmeling-Halle кешенінің маңында орналасқан.

Көрмеде суретші Punktgeläut салған майлы бояумен және қарындашпен орындалған еңбектер қойылған. Онда Димаштың шығармашылық жолындағы түрлі кезеңдер бейнеленген. Автор тек Димаштың портреттерін ғана емес, Раушан Құдайберген мен Расул Усмановтың әсерлі бейнелерін де ұсынған.


Суретші көрменің басты кейіпкері туралы былай дейді:
— Димаш Құдайбергеннің дауысы жанрлар мен стильдерден асып, шекараларды еңсереді. Әншінің 14 қарашадағы Берлиндегі алғашқы концерті құрметіне көрмеде музыканттың шағын портреттер топтамасы ұсынылады. Бұл образдар — Димаштың музыкалық феномен ретіндегі ықпалын көрсететін туындылар. Ол әлемдік турлардан бөлек, даусын әлеуметтік мәселелерге арнап, бейбітшілік пен білім идеяларын қолдайды, жас таланттарды қолпаштайды және туған елі — Қазақстанды танытады, — дейді автор.


Көрмеге кіру тегін, ал сатылған картиналардың жартысынан түскен қаражат БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған, әсіресе білім беру мен экология саласындағы жобаларға назар аударатын «Сәби» қайырымдылық қорына аударылады.

Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің алғаш рет Берлинде концерт беретінін хабарлаған едік.