Доллар 1500 теңге бола ма? Сүлейменов жаңа девальвация туралы пікір білдірді

50

Munarmedia.kz 26.01.2026 /Астана/-Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің бір доллар үшін 1200–1500 теңгеге дейін құнсыздануы мүмкін деген әңгімелерге қатысты пікір айтты. Оның сөзінше, валюта бағамы нарықтық тетікпен, яғни сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасады.

Компаниялар долларды белсенді түрде сатып ала бастағанда, шетел валютасы қымбаттайды. Ал салық төлеу кезеңдерінде экспорттаушылар валюталық түсімін сатқан кезде, керісінше, теңге бағамы нығаяды. Ұлттық банктің ықпал ету мүмкіндіктері Ұлттық қордан трансферттер жүргізу, айна-қатесіз (зеркалирование) операциялар мен сирек интервенциялармен шектеледі.

«Әкімшілік жолмен теңгені 1200–1500-ге дейін девальвациялау да, керісінше, доллар бағамын 150 теңгеге дейін түсіру де – Ұлттық банктің де, жалпы мемлекеттік аппараттың да ниетінде жоқ әрі оған мүмкіндігі де жоқ», – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, қазіргі валюта бағамы теңгерімді және экономиканың негізгі іргелі көрсеткіштеріне сай келеді. Ал доллар бағамының 1500 теңгеге жету ықтималдығына қатысты пікір білдірген Ұлттық банк басшысы мұндай сценарий тіпті ведомствоның ең радикалды болжамдарында да қарастырылмайтынын атап өтті.

Сүлейменовтің сөзінше, еркін айырбас бағамын сақтау экономикаға сыртқы күйзелістерге автоматты түрде бейімделуге мүмкіндік береді. Ал теңгенің ұзақ мерзімді тұрақтылығы нақты сектордың – өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және өндірістің дамуына тікелей байланысты.

Айта кетейік, кеше қаржыгер Сұлтан Елемесов те осыған ұқсас пікір білдірген еді. Оның айтуынша, теңгенің 1000 теңгеге дейін девальвациялануы жөніндегі қауесеттердің айтарлықтай негізі жоқ.