Дональд Трамп Қазақстанды Газа бойынша Бейбітшілік кеңесіне шақырды

38

Munarmedia.kz 19.01.2026 /Астана/-АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Қазақстанды және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа қақтығысын реттеуге арналған Бейбітшілік кеңесінің құрамына қатысуға шақырды. Кейбір халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары бұл жаңа құрылымды БҰҰ-ға балама алаң ретінде сипаттап отыр.

Аталған ақпаратты Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай растады. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылардың арасында алғашқылардың бірі болып, Бейбітшілік кеңесіне мүшелікке ресми шақырту алған. Сонымен қатар Қазақстанға бұл кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылған.

«Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алды, ал Қазақстанға жаңа бірлестіктің құрылтайшы мемлекеті болу ұсынылды. Мемлекет басшысы АҚШ президентіне жолдаған жауап хатында шынайы ризашылығын білдіріп, осы бастаманың құрамына кіруге келісімін растады», — деді Руслан Желдібай.

Баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Президент Тоқаев Қазақстанның Таяу Шығыста берік әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға дайын екенін атап өткен.

Бұл шақырту Қазақстанның халықаралық аренадағы бітімгерлік беделінің жоғары екенін және еліміздің күрделі геосаяси түйткілдерді диалог арқылы шешуге бағытталған ұстанымының мойындалып отырғанын көрсетеді. Соңғы жылдары Астана түрлі халықаралық келіссөздер мен бітімгерлік бастамалар үшін сенімді алаң ретінде танылып келеді.

© Тengrinews