Дональд Трамптың саясаты Қырғызстанды күрделі таңдау алдында қалдырды.

48

Munarmedia.kz. 18.01.2026 /Астана/ – АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігі тарифтерді жаһандық саясат құралы ретінде пайдаланып, экономикалық қысымды күшейтіп отыр.

АҚШ президентінің Иранмен бизнес жүргізетін барлық елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы жаңа мәлімдемесі Қырғызстанға тікелей әсер етеді.

Трамп өз ұстанымын нақты білдірді: бұдан былай Ислам Республикасымен сауда операцияларына қатысатын кез келген мемлекет Америка Құрама Штаттарымен жасалатын барлық мәмілелер бойынша 25 пайыздық кедендік баж салығын төлеуге міндетті болады.

Бұл шара қолданыстағы тарифтік жүйеге қосымша енгізіледі. Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 тамызда Вашингтон Орталық Азия елдеріне арнайы баж салығын белгілеген еді: Қазақстан үшін ол 25 пайызды құраса, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан үшін 10 пайыз деңгейінде бекітілген.

Ресми Бішкек үшін бұл шешім елеулі сын-қатерге айналып отыр. Соңғы уақытта Қырғызстан Иран порттары арқылы «логистикалық серпіліс» жасауға үлкен үміт артып, оларды әлемдік нарықтарға шығудың негізгі хабтары ретінде пайдалануды жоспарлаған болатын.

Алайда осы дәлізді дамыту арқылы күтілген экономикалық тиімділік енді АҚШ-пен саудада жоғары баж салығына тап болу қаупімен ұштасып отыр.

Өткен жылдың статистикасы екі ел арасындағы экономикалық байланыстың тығыз екенін көрсетеді. Атап айтқанда, 2025 жылдың алғашқы он айында Қырғызстан Ираннан негізінен балық өнімдерін, бояу материалдарын және тау-кен техникасын қоса алғанда, 35 млн доллардың тауарын импорттаған.

Өз кезегінде Иран Қырғызстаннан 30 млн доллар көлемінде өнім сатып алған, оның негізгі бөлігін бұршақ пен мақта құраған.

Вашингтонның бұл ультиматумы аталған сауда ағындарын қауіпке тігіп, республиканы стратегиялық логистикалық жоспарлар мен АҚШ нарығына экспортты сақтау қажеттілігі арасында тепе-теңдік іздеуге мәжбүрлеп отыр.