Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: жүлде қоры, билет сатылымы мен мәдени іс-шаралар туралы
Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың мәліметінше, іс-шараның бас серіктесі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ, бас демеушісі – Alageum ELECTRIC электротехникалық компаниясы.
Серіктестеріміз бөлген қаражат ең алдымен жеңімпаздарға жүлде төлеуге жұмсалады. Жүлде қорының жалпы сомасы 253 млн теңгені құрайды. Әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалады. Мәселен, көкпар мен көкбөруден жеңімпаз команда 10 млн теңге, екінші орын алған команда 6 млн теңге, үшінші орын үшін 4 млн теңгеге ие болады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлері 500 мың теңгеден алады, екінші орын 300 мың теңге көлемінде марапатталады, қола жүлдегер 200 мың теңге алады», - деді Наиль Нұров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.Сондай-ақ ол ойынның серіктестері бөлген қаржы шетелден келетін спикерлерге, мәдени бағдарламаға қатысушыларға арналған кәдесыйлар мен авиабилеттерді сатып алуға жұмсалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медаль табысталады.
«Ойын кезінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Спортпен шектелмей, тарих пен мәдениет, спорт тағамы және спорт ғылымы туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Оған Ұлыбритания, Түркия, Венгриядан 10 шақты ғалым өтініш берді», - деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанатын ұйымдастыру жұмыстарымен қазақстандық мамандар айналысып жатыр. Дирекция басшысы бұл екі іс-шараға шетелден артист шақырылмайтынын атап өтті.
«Шетелден танымал артист шақырылмайды. Мысалы, Астананың 10 жылдығын тойлағанда Уитни Хьюстонды шақырып, жарты миллион доллар төледі. Ондай кімге керек? Көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанатында өзіміздің өнерпаздар болады. Ашылу салтанатының бас продюсері – белгілі композитор Ренат Гайсин. Ал ашылу салтанатының ұйымдастырушысы – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Шығармашылық жұмыстарға министрлік жауапты», - деді Наиль Нұров.
Айта кетейік, биыл 22 наурызда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билет бағдарламасы іске қосылды. Алғашқы билетті Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сатып алды. Қазір спорттың барлық түрінен билет сатылып жатыр. Тек ашылу және жабылу салтанатына билет сатылымда жоқ.
Билет 22 наурыздан бастап сатыла бастады. Содан кейін аз уақытқа билет сату тоқтатылды. Ол спорт нысандарына байланысты болды. Спорт нысандарының ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, қайда өтетінін белгісіз болды. Қазір билет сатылып жатыр, бағасы 500 теңгеден бастап 25 000 теңгеге дейін барады. Ал ойындардың ашылу және жабылу салтанатына билет сату жоспарланып отыр. Шілдеде «Астана Арена» кешеніндегі жөндеу жұмыстары аяқталып, орындары белгіленген соң сатыла бастайды. «Қазанат» ипподромының жанында қазақ ауылы құрылады. Жабылу салтанаты сол жерде өтеді, - вице-министр Серік Жарасбаев.
Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылардың дайындығы туралы айтты.
«Қауымдастық көшпенділер ойындары сапалы өтуі үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Мәселен, Алматыдағы олимпиадалық орталықта барлық спорт түрі шоғырланған. Әрбір спорт бойынша оқу-жаттығу түрінде ғана дайындамай, ғылыми тұрғыда дайындау үшін кешенді топтар құрылды. Олар бас жаттықтырушыларға көмек көрсетеді. Біздің спортшылар сақадай сай болады деп ойлаймын. Қажетті жағдай жасалды, қалғаны бас жаттықтырушыларға байланысты. Медальдарға келсек, Қазақстан 41 алтын, 28 күміс, 32 қола алады деп жоспарлап отырмыз», - деді Тастанбек Есентаев.Есентаевтың айтуынша, алғаш рет 2 кешенді ғылыми топ құрылды. Олар – жылқы шаруашылығы бағытында және ұлттық спорт түрлерінің спортшыларын даярлау бойынша жұмыс істейді. Құрамына жетекші ғалымдар ветеринарлар, биологтар, генетиктер, спорттық психология және медицина мамандары кіреді.
Сонымен қатар қауымдастық қызметінің басым бағыттарының бірі – ұлттық спорт саласында білікті кадрлар даярлау.
Тәуелсіздік тарихында алғашқы рет «Ат спортының ветеринариясы» және «Ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандықтары бойынша Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қазақ спорт-туризм академиясымен бірлесіп білім беру бағдарламалары әзірленді. Екі білім беру бағдарламасы да инновациялық мемлекеттік тізімге енгізілді. Биыл бұл оқу орындары 2 мамандық бойынша талапкерлерді қабылдай бастайды, - дейді Тастанбек Есентаев.
Айта кетейік, 2024 жылы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің 85 елінен келген спортшылар асық ату, бәйге, кураш, теңге ілу, көкпар, көкбөру, көреш, ордо, арқан тартыс, аударыспақ, алыш, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлерінен 110 медальді сарапқа салады.