16.06.2026. ASTANA. Munarmedia.kz – Тәжікстан астанасы Душанбеде құқық қорғау органдары балаларға арналған жалған дәрі-дәрмек өндірумен айналысқан астыртын цехтың қызметін әшкереледі.
Душанбе қалалық Ішкі істер басқармасының мәліметінше, жалған фармацевтикалық өнімдерді дайындап, сатумен ұйымдасқан қылмыстық топ айналысқан. Тергеу деректеріне сәйкес, топтың ұйымдастырушысы бұрын экономикалық қылмыстар үшін сотталған қала тұрғыны Отабек Дадачонов болған.
Анықталғандай, күдіктілер антисанитарлық жағдайда балаларды емдеуге арналған кең таралған дәрілік препараттардың жалған нұсқаларын өндірген. Олардың қатарында Нурофен, Парацетамол, Лазолван және Терафлю атауларымен сатылған шәрбаттар мен ұнтақ түріндегі дәрілер болған.
Тергеу барысында қылмыстық топтың фармацевтикалық қызметпен айналысуға қажетті лицензиясы болмағаны анықталды. Соған қарамастан олар тіркелген компаниялар арқылы өнімдерін нарыққа шығарған.
Жүргізілген тінту кезінде құқық қорғау органдары шамамен 35,9 мың құты шәрбатты, 405 мыңнан астам қаптама мен жапсырманы, 600 келіден астам шикізатты және дәрі өндіруге пайдаланылған арнайы жабдықтарды тәркілеген.
Полиция өкілдері мұндай дәрілік заттардың адам денсаулығына, әсіресе балаларға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Себебі олардың құрамы мен қауіпсіздігі ешқандай зертханалық бақылаудан өтпеген.
Аталған факі бойынша Тәжікстан Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Отабек Дадачонов пен оның болжамды сыбайластары ұсталып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
#Тәжікстан #Душанбе #ЖалғанДәрі #БалаларДенсаулығы #Фармацевтика #ҚұқықҚорғау #ОтабекДадачонов #ДәріДәрмек #MunarmediaKZ