Экологиялық білім мен табиғатты қорғау қағидаттары жаңа Конституция жобасында нақты бекітілген

16

Munarmedia.kz 04.02.2026 /Астана/ -Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Оқу-ағарту министрлігі білім беру үдерісіне экологиялық тақырыпты терең әрі жүйелі түрде енгізуге бағытталған экологиялық білім беру стандартын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ведомство «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында кешенді әрі жүйелі жұмысқа кіріскен. Бұл ретте басымдық тек экологиялық акциялар өткізумен шектелмей, ең алдымен өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениет пен жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға беріліп отыр. Аталған мақсатқа білім беру бағдарламалары мен түрлі конкурстар арқылы қол жеткізу көзделген.

Сонымен қатар, конституциялық реформалар шеңберінде әзірленген жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғаудың негізгі қағидаттары нақты әрі айқын түрде бекітілгені атап өтілді. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» жобасы оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық бастама ретінде қарастырылады, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, қазіргі уақытта «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы үш негізгі идеяға сүйене отырып жүзеге асырылып келеді. Олар: еңбек адамы, «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы.

Аталған бағыттардың басты мақсаты – мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің экологиялық санасын қалыптастыру, табиғатқа жауапты қарым-қатынасты өмірлік негізгі құндылық ретінде орнықтыру.