Экологиялық заңнаманы бұзған энергетикалық компанияға 1,2 млрд теңге айыппұл салынды

45

Munarmedia.kz 09.10.2025 /Астана/ Қазақстанның ірі энергетикалық компанияларының бірі – «Интергаз Орталық Азия» заң талаптарын елемегені үшін ірі көлемде айыппұл төлейтін болды. Компания Бозой жерасты газ қоймасында екі ұңғыма бұрғылап, бұл жұмыстарға қажетті экологиялық рұқсаттарды алмай жүргізгені анықталды.

Аталған факті бойынша бірден төрт әкімшілік іс қозғалып, заңға сәйкес, рұқсатсыз жасалған экологиялық әсері бар әрекеттерге елеулі айыппұл қарастырылған.

Соттың шешімімен компания мемлекет пайдасына 1,2 миллиард теңге төлеуге міндеттелді. Алайда «Интергаз Орталық Азия» бұл соманың небәрі 20 миллион теңгесін ғана өз еркімен төлеп, қалған бөлігіне қатысты шешімді апелляцияға берген.

Дегенмен, апелляциялық сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды, енді компания бір ай ішінде қалған соманы толық өтеуі тиіс.

Экологтар бұл жағдайды табиғи ресурстарды пайдаланудағы жауапсыздықтың айқын мысалы деп бағалап отыр. Заңгерлер де бұл істі бизнес өкілдеріне берілген нақты ескерту ретінде қарастырады.