Munarmedia.kz 03.10.2025 /Астана/ Қаржылық алаяқтықпен аты шыққан бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа қатысты шығарылған рақымшылық шешімі ұзаққа бармады. Ол 144 миллиард теңгені жымқырғаны үшін сотталған болатын. 30 жылдық Конституция мерейтойына орай амнистия аясында бостандыққа шыққан Ертаев енді қайтадан түрмеге қайтарылып отыр. Бұл туралы Sputnik Kazakhstan хабарлады.
Бұған дейін, 2 қыркүйекте Алматы қаласының Алатау аудандық соты Ертаевтың амнистия негізінде жазасын өтемеген 11 ай 16 күн мерзімінен босату туралы өтінішін қанағаттандырған еді, деп жазды Tengrinews.
Алайда Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі бұл үкімде заңдық олқылықтардың болғанын мәлім етті:
«Аудандық сот қаулысында алғашқы үкім бойынша өтелген жаза мерзімінің есепке алынуы заңмен реттелмеген. Сонымен қатар, Ертаевқа қандай үкімнен бастап жаза мерзімі есептелетіні нақты көрсетілмеген. Сот қаулысы мен №14 түзеу мекемесінің анықтамасы арасында мерзім бойынша сәйкессіздіктер бар. Анықтаманың өзі мекеме басшысымен бекітілмеген», – делінген ресми хабарламада.
Осы және өзге де құқықтық негіздерге байланысты сот Ертаевқа қатысты амнистия актісін қолдану туралы шешімді жойды. Демек, оның бостандыққа шығуы заңсыз деп танылып, өтініші кері қайтарылды.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қарашасында Жомарт Ертаев 2011–2017 жылдар аралығында Bank RBK-дан 144 миллиард теңгені қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, сыбайластарымен алдын ала сөз байласу арқылы жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған. Сонымен қатар, ол қылмыстық жолмен табылған ірі көлемдегі ақшалай қаражат пен мүлікті заңдастыру әрекеттері үшін де сотталған. Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.