Бұрынғы коммунистер, қазіргі Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова "шетелдік агенттер" туралы заң қабылдауды ұсынды. Ол бұл қадамды Қазақстанды "сыртқы ықпалдан" қорғаудың бірден-бір жолы деп отыр.
"Кейбір шетелдік донорлар біздің қоғамға тосын құндылықтарын таңып, толеранттылық пен сөз бостандығын жамылып, саяси мүддесін ілгері жылжытып жатыр. Біз ондай ұйымдардың шын мәнінде кімге қызмет ететінін ашық көрсетіп, заңды түрде шектеуіміз керек", – дейді Смирнова.
Мәжілісмен осы тұста Ресейді аттап өтіп, АҚШ-тың атам заманғы "Шетелдік агенттерді тіркеу туралы" заңын мысалға келтіріпті. Онда қаржыландырудың ашықтығы, саяси қызметтің нақты тіркелуі, ақпараттық материалдардың арнайы белгіленуі сияқты талаптар бекітілген екен.
"Егемендігімізді сақтаймыз десек, осындай шараларды қабылдау қажет. Сыртқы ойыншылардың ықпал ету алаңына айналмай, өз құндылықтарымызды қорғайтын кез келді. Жат идеологияны толеранттылықпен жасыруға, ал насихатты тәуелсіз журналистика деп көрсетуге жол бермеуіміз қажет», – дейді Смирнова.
Кейбір деректерге сүйенсек, Смирнованың өзі де біраз жылдар бойы "Сорос-Қазақстан" қорының ақшасымен жұмыс істеген деседі. Жалпы Қазақстанға Ертісбаев сияқты ескі Қазақстанның өкілі басқаратын "Қазақстанның халық партиясының" қажеті бар ма? деген ой келеді.