Қостанай облысында сот әйелдің құқығын қорғады
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 22 мың теңгені заңсыз алынған мемлекеттік жәрдемақы деп тануды талап етті.
Іс бойынша мәліметтер
Жауапкер – төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы ана, ол мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алады. Оның балаларымен бірге тұратын ұлының бірі 2006 жылы туған.
Істің мән-жайы
2024 жылдың наурыз айында министрлік жауапкердің баласы колледжде академиялық демалыс алғанын анықтаған. Себебі – оның мерзімді әскери қызметке шақырылуы.
"Жауапкер сотта талапты толық мойындап, жәрдемақы оған 2024 жылдың 5 наурызына дейін аударылғанын, ал баласы 29 наурызда әскерге шақырылғанын көрсетті. Сондықтан ол оқу орнында академиялық демалыс рәсімдеген. Сондай-ақ, жәрдемақыны балаларының қажеттілігіне жұмсағанын мәлімдеді", – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімі
Сот Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көпбалалы отбасынан 22 мың теңгені қайтару туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты.
"Жауапкердің адал жолмен алған бұл жәрдемақысы – оның отбасының күнкөрісі үшін жұмсалған қаражат. Сондықтан ол кері қайтаруға жатпайды", – делінген сот шешімінде.
Министрлік Қостанай аудандық сотының бұл шешімімен келіспей, Қостанай облыстық сотына апелляциялық шағым түсірді. Алайда облыстық сот та министрліктің шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімі заңды күшіне енді.