Munarmedia.kz 20.01.2025 /Астана/-Астанада интернет-алаяқтық арқылы табыс таппақ болған 20 жастағы тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Жас жігіт Tinder қосымшасына «Нурай» деген әйел есімімен тіркеліп, парақшасында Telegram желісіндегі аккаунтына сілтеме қалдырған.
Telegram-да ол бөтен бір қыздың фотосуретін пайдаланып, жалған парақша ашып, жәбірленушімен хат алмасуды бастаған. Өзін «Нурай» ретінде таныстырған алаяқ әртүрлі сылтаулармен ақша сұрап, оның орнына жеке кездесуге уәде берген.
Алаяқтықты аңғармаған жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам қаражатты күдіктінің есепшотына аударған.
Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық қылмысы үшін кінәлі деп таныды.
Істі қарау барысында айыпталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуі, келтірілген материалдық шығынды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді. Осыған байланысты сот оған пробациялық бақылау белгілене отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.