Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Ерейментаудағы мешіт асханасының дауы ушықты...

526


Өткен санымызда жазғанымыздай,  Ерейментау ауданының орталығында мешіт жанынан асхана ашылған болатын. Халық өзі қаржы жинап салғызған асхана былтыр пайдалануға беріліп, ел игілігіне жұмыс істей бастады. Аудандағы бірнеше кафе ресторандарда ас-дұға өткізу құны бір адамға шаққанда 2500 тенге болса, мешіт асханасында 800 тенге шамасында. Тып-тыныш жатқан  елдің арасын алатайдай бүлдірген аудан әкімі Нұрлан Мұқатов ауданның барлық проблемасын шешіп тастағандай, мешіт асханасымен алысып, жапқызғысы келіп жүргеніне біраз уақыт болды.

Бұған дейін Слетінің жерлерін Степногорға бермекші болған әкім мырза үнемі даудың бел ортасында жүреді. Халықтың ішіне іріткі салып, дау бастап, бірін даттап, бірін қостап жүретін әкімнің мақсаты не?...

 Аудан ішіндегі қоқысты тазаламай, сасытып, былықтырып жіберген әкім мырзаның қылығына облыс әкімі Марат Ахметжанов неге көз жұмып отыр? Аудан ақсақалдарын бірін-біріне айдап салуды мақсат еткен Мұқатов Нұрлан жақында мешіт асханасын жабуға қарсы шыққан бір топ ақсақалға аудандағы екінші бір топ шалдарды ертіп келіп, екі жақты ұрыстырып қойып, күліп отырғаны несі.


Тіпті даудың өршігені сонша Каримов Сансызбай деген ақсақалдың жүрек талмасы ұстап құлап жатса, жедел-жәрдем шақырудың орнынан күліп жүрген әкімнің есі дұрыс па? деген ой келеді. Ереймен елі ежелден бірлігі жарасқан, өр мінезді халық тұратын аудан.

Сонау Кеңес заманының өзінде «Неміс автономиясын» құруға қарсы шыққан батыр халық. Алайда, тәуелсіздік алған уақыттан қаншама көмір, руда орындары болса да дамымады. Мұқатов Нұрлан келгелі аудан халқынан береке кетті дейді ақсақалдар.

Облысқа сан мәрте арыз жазса да тірегі мықты ма ләм мим деген ешкім жоқ.  Ахметжанов мырза да, басқа да құзырлы органдар мәселенің мән-жайын тексеруге құлқы жоқ. Ауруын жасырған өледі дегендей, жасыра берген жара жарылып, әлеуметтік шуға айналмасын.


Қазірдің өзінде ауданның ішіндегі қары тазаланбаған, ауылдарға баратын жолдар аршылмаған. Жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту сынды Президент тапсырмаларын орындаудың орнына, ел ішіне іріткі салып, ақсақалдарды қырылыстырып жүрген әкім мырзаға қой дейтін қожа, әй, дейтін әже жоқ па?

Аудан тұрғындарының айтуынша, мешіт жанынан бизнес орталық салып жатқан бизнесменнің сөзін сөйлеп, мешіт асханасын соған алып беруге талпынып жүр -мыс деседі.

Аудан әкімінің мақсаты не? Ахметжанов мырза облыстың  кадр саясатын қашан дұрыстар екен?

Ашынған аудан тұрғындары қол жинап Президенттен араша сұраймыз деп жатыр екен.