Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/ Ақмола облысының Ерейментау қаласында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысына бөлінген миллиардтаған қаражатты жымқыру ісінің басты күдіктісі Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. Оған мүлкін тәркілей отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Тергеу материалдарына сәйкес, сөз болып отырған қаржы көлемі 8,5 млрд теңгеден асады. 2020–2022 жылдары күдікті, құрылыс компаниясының басшысы бола тұра, алдын ала сөз байласқан топ құрамында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан қаржы жымқырудың күрделі схемасын ұйымдастырған. Жалған келісімшарттар жасап, аффилиирленген құрылымдар арқылы қаржылық операциялар жүргізу нәтижесінде қаражат жел электр станциясын салу жобасынан шығарылып отырған.
Аталған жоба стратегиялық мәнге ие. «Жасыл энергетикаға» көшу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе, экологиялық жағдайды жақсарту мен экономиканың тұрақты дамуы үшін баламалы энергетиканы дамыту маңызды саналатын Ақмола облысы үшін бұл жобаның маңызы ерекше.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті ізін суытып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл ақпанда ол Ресей аумағында ұсталып, қазақстандық тараптың сұрауы бойынша экстрадициялау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
Еске сала кетейік, биыл мамыр айында осы қылмыстық схемаға қатысы бар тағы екі тұлға сот үкімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.