Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Еркін Әбіл. Бүгін -Алаш күні

155


Қазақ халқында «Тегін білмеген теріс бағады» - деген сөз бар. Ұжымдық тарихи сана ұлттық бірегейліктің негізі болып табылады, сондықтан оны азаматтық ұлттың қалыптасуының маңызды шарты деуге болады. Ұлтымыздың ұлы көсемі Әліхан Бөкейхан «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел — қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді» - деген.

Осыдан тура 107 жыл бұрын, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде қазақ халқының тұңғыш заманауи ұлттық территориялық мемлекеттігі - Алаш автономиясы жариялаланып, Алашорда үкіметі құрылды. Осы оқиға жайында Ә. Ермеков: «Желтоқсанның 12 күні, түс ауа сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. ... Отансыз жұрт отанды болды!», - деп көрсетті. 

Алаш республикасы өмір сүрген кезеңі қазақ халқының тарихындағы  ең айтулы саяси оқиға болып табылады. Қысқа өмір сүргеніне қарамастан, ол  Қазақстан тарихына үлкен әсер етті, халықтың ұлттық санасынын оятып, рухын көтеріп, егемендік идеясын туғызды.

1918 жылдың ақпан айынан бастап Ресей Кеңестік үкіметінің декретімен Ресей Григориан күнтізбесіне көшіп, 13 күн алға бір-ақ жылжиды. Соған орай, Ә.Ермеков жазып отырған 12 желтоқсан - бүгінгі 25 желтоқсанға сәйкес келеді.

Сондықтан біз 1917 жылғы 12 желтоқсанда, немесе жаңа күнтізбе бойынша 25 желтоқсанда, Алаш автономиясы жарияланды деуге толық негіз бар. Бұл нақты құжаттармен дәлелденген. 

Осымен байланысты 25 желтоқсанды «Алаш күні» ретінде Қазақстан Республикасындағы мерекелік (атаулы) күндердің тізбесіне енгізу мәселесін қарастырудын уақыты келді.