Munarmedia.kz 17.03.2026 /Astana/ – «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры жаңа Конституция бойынша өткен референдумды бақылау барысында бірқатар заңбұзушылықтарды тіркегенін мәлімдеді.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, анықталған жайттардың қатарында сайлаушыларды құжаттарын тексермей қосымша тізімдерге енгізу, алдын ала қол қойылған бюллетеньдер, бақылаушылардың жұмысына шектеу қою және қор жариялаған бейнежазбаларды әлеуметтік желілерден өшіруді талап ету сияқты жағдайлар бар.
Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында қор өкілдері жаңа Конституция мен референдум тақырыбының ұлттық телеарналарда қалай жарияланғанын да талдағанын айтты. Мониторинг 24 қаңтардан – Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өткен күннен бастап 14 наурызға дейін жүргізілген. Талдауға Қазақстан телеарнасы, Хабар телеарнасы және Еуразия бірінші арнасы жаңалықтарының кешкі шығарылымдары алынған.
Қордың алдын ала деректеріне сәйкес, Конституция тақырыбына ең көп эфир уақытын «Қазақстан» телеарнасы бөлген – шамамен 34%. «Хабар» арнасында бұл көрсеткіш 29%, ал «Еуразия» арнасында шамамен 20% болған. Сонымен қатар материалдардың басым бөлігі оң сипатта жарияланған: «Қазақстан» телеарнасында шамамен 85%, «Хабарда» 92%, ал «Еуразияда» 75–77% шамасында. Мониторинг барысында Конституция мен референдум туралы теріс сипаттағы хабарлар тіркелмеген.
Қор өкілдерінің пікірінше, мұндай ақпараттық көрініс аудиторияның қабылдауына әсер етуі мүмкін. Егер көрермен ақпаратты тек тележаңалықтардан алса, «Конституция тек оң бастама» деген пікір қалыптасуы ықтимал.
15 наурыз күні қор Астанада тәуелсіз бақылау миссиясын жүргізген. Дауыс беру күні төрт мобильді топ жұмыс істеп, 44 сайлау учаскесіне барған. Олар дауыстарды санау кезінде учаскелерде қалмаған, себебі негізгі мақсат – жедел бақылау және комиссиялардың дайындығын бағалау болған.
Қор мәліметінше, бақылаушыларды сайлау учаскелерінен шығару бойынша төрт шешім қабылданған. Сондай-ақ бірқатар учаскеде азаматтарды олардың осы учаскеге тиесілі екендігін тексермей қосымша тізімге енгізу жағдайлары тіркелген. Мұндай жайттар №1, №2, №15 және №349 учаскелерінде байқалған.
Тағы бір заңбұзушылық ретінде комиссия мүшелерінің бюллетеньдерге алдын ала қол қою дерегі аталды. Қордың мәліметінше, мұндай жағдай №394 учаскесінде тіркелген.
Қордың тең құрылтайшысы Роман Реймер үгіт-насихат науқаны кезінде жеке деректердің таралу мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, кейбір азаматтарға таратылған референдумға шақыру қағаздарында аты-жөні мен үй мекенжайы көрсетілген. Кей жағдайда мұндай парақшалар подъездерде немесе көшеде шашылып жатқан.
Сонымен қатар кейбір учаскелерде бақылаушылардың жеке куәліктерін көшіріп алу фактілері тіркелген. Қор өкілдерінің пікірінше, бұл жеке деректерді қорғау туралы заң талаптарына қайшы келуі мүмкін.
Бұдан бөлек, кейбір учаскелерде бақылаушыларға ғимарат ішінде еркін қозғалуына және фото-видео түсіруге тыйым салынған. Ал заң бойынша мұндай әрекеттерге рұқсат етілген.
Ұйым өкілдері «Тұран» университетіндегі №349 учаскеде болған жағдайды да атап өтті. Онда қосымша тізімге енгізілген сайлаушылар саны көп болған. Бақылаушылар бұл мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқанда, учаскеде жанжал туып, олардың бірі учаскеден шығарылған.
Кейін аталған учаскедегі бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланып, кең таралған. Қор мәліметінше, бақылау аяқталған соң ұйым кеңсесіне полиция қызметкері келіп, видеоны өшіруді сұраған, алайда қор өкілдері бұл талапты орындаудан бас тартқан.
Ұйым барлық тіркелген фактілер бойынша материалдарды тиісті мемлекеттік органдарға жолдап, құқықтық баға беруді сұрауды жоспарлап отыр.