Біреуді қаралап, оның бойынан мін іздейтін болсақ «кімнің болсын» ағат кететін пенделігі бар. Жаратушы Иенің құзыретіндегі періште ғана мінсіз дейді дана халқымыз. Бірақ «періштенің де» бойынан мін іздеген халықпыз ғой. Құдай өзі кешірсін!.. «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген я болмаса «періштенің де бес міні бар» деп топшылап ұрып жіберетін елміз. Мәкеңді һәм Мақсат Асылбекұлың өз басым танымаймын. Осы фейсбук әлемінен ғана таныстық. Қазақы мінезді, табанының бүрі бар азамат.
Екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі атанған Түркістан облысына қарасты Сауран ауданының әкімі. Біреулер құсап шенді қызметке, лауазымды орынға екі шоқып, бір қарап бірден отырмаған. Кәдімгі қатардағы қарапайым адамға тән ақырындап лауазымдық қызметке қол жеткізген.
Түркістан қалалық білім бөлімінің есепшісі, бас есепші, Түркістан қалалық білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясында, Түркістан қалалық әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Түркістан қаласының әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімдігінің Туризм бөлімінің басшысы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Урбанистика бөлімінің басшысы, кәсіпорын басшысы, Түркістан қалалық мәслихат Төрағасы, қазіргі күні Сауран ауданының әкімі.
Осыншама баспалдақтан өткен, халық пен биліктің ортасында ортақ дәнекер болған Мәкең, ел мен ел болуды жақсы біледі. Құдай-ау, қаншама жылдан бері айтылып, жазылып тіпті Президентіміздің өзі талай рет жоғарыдан айтты «Билік пен бұқара ортақ диалогта болуы керек» деп. Бірақ кейбір шендісі бар, шекпендісі бар өзінің астындағы тағына сеніп қараша халықпен жақыннан сыйласпай, алыстан құр кісінесіп қана отырады.
Ал Мақсат Асылбекұлы болса, өзінің парақшасын өзі жүргізіп, аудан өмірі жайлы мәліметті жиі беріп, қазақы қалыптан, кісілік, кішілік мінезден алыстаған емес. Иә, ел іші болған соң әкімдіктің адресіне түрлі сөздер жазып, өкпесін айтып, әлеуметтік желілер арқылы шабуылдап жататындар бар. Бұл әрине отыз жыл бойы елдің ішінде қатпарланып, көкаязданып көлеңкеде қалып қойған күрделі, көкейтесті дүниелер ғой.
Әйтеуір соңғы жылдары көпшілік байқаған шығар. Бұрын қағаз бетінде айтылып, орындалды деген дүниелердің соңы ашылып, ел жазып жататын-ды. Қазір біршама шаруалар барлық өңірде істеліп жатыр. Ауылдар, жол, ауызсу т.б түйткілді дүниелерді бұқара халық үшін атқарылып жатқандығы көрудеміз.
Иә, Сауран ауданының басқарып отырған Мақсат Асылбекұлы қызмет сатысында қатардағы есепші ретінде жұмысын бастаған. Содан болар, алдымен халықтың, өзі басқарған ауданның дамуына барынша күш салып келе жатыр.
Жалпы мен ақжағалыларды көп мақтай бермеймін. Ондай қанымда да, тәрбиемде де жоқ. Бірақ Мәкең, ашық азамат, Мәкең елім деген азамат, Мәкең, туған өлкесіне қасиетті Түркістан облысы Сауран ауданының дамуына күш сап жатқан азамат. Мәкеңнің көп сөзі жоқ, тек шаруаның адамы екендігін, сол ауданның күнделікті ағымды тіршілігінен көріп байқауға болады. Мақсат Асылбекұлы жайлы алдағы уақытта тағы да бір айтармыз, жазармыз.
Жалпы бұқара мен биліктің арасында ортақ келісім бар жерде, қашанда алға қарай өрлеу, өсу, даму болады. Өйткені, әрбір әкімге Президент үміт артады. Ал ол үмітті ақтайтын әкімдер бар да, ақтамайтындар да бар екендігін айтқымыз келеді.
Мақсат Асылбекұлы елдің сенімін де, Президентіміздің де сенімін ақтайтын азамат. Осы жолдан ақкөйлек азаматты Алла тайдырмасын!.. Келе жатқан Жаңа жылдарыңыз құтты болсын Сауран ауданының тұрғындар!..
Бурабайдың Жеңісі