Munarmedia.kz 28.11.2025 /Астана/ Гонконгта соңғы онжылдықтардағы ең жойқын өрттердің бірі орын алып, кемінде 94 адамның өмірін қиып, ондаған тұрғын әлі күнге дейін жоғалғандар қатарында тұр. Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттігі Reuters хабарлады.
Өрт сәрсенбі күні Тай По ауданының солтүстігінде орналасқан Wang Fuk Court атты ірі тұрғын үй кешенін түгел шарпыды. Мұнда 4,6 мыңнан астам адам тұрған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды белгілі бір деңгейде ауыздықтағанымен, кешеннің көп бөлігі толығымен жанып кетті.
Бейсенбі таңындағы мәліметке сәйкес, 279 адам із-түссіз деп танылған. Алайда бұл көрсеткіш соңғы 24 сағат бойы жаңартылмаған, сондықтан нақты жағдай одан да ауыр болуы мүмкін. Бұл оқиға 1948 жылдан бері Гонконгтағы ең үлкен өрт апаты болып отыр. Ол кезде қоймадағы өрттен 176 адам қаза тапқан еді.
Трагедияның себептері де тергеуге алынуда. Алдыңғы күні Гонконг полициясы Prestige Construction құрылыс компаниясының үш лауазымды қызметкерін ұстады. Оларға ғимаратты реконструкциялау кезінде қауіпті материалдарды, соның ішінде тез тұтанатын пенопласт панельдерін, қолданған деген күдік тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сай, дәл осы панельдер терезелерді жауып, тұрғындардың сыртқа шығуына кедергі жасаған болуы мүмкін.
Халықаралық қоғамдастық Гонконгқа көңіл айтып, апат салдарын жоюға көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп жатыр. Ал жергілікті билік оқиғаны жан-жақты тексеруге уәде берді.