Munarmedia.kz. 08.07.2025 ж /Астана/-Әлемге танымал кәсіпкер, миллиардер Илон Маск АҚШ-та жаңа саяси ұйым – «Америка» партиясын құратынын ресми түрде жария етті. Бұл шешім Маск жүргізген онлайн-сауалнама нәтижесінде қабылданған. Сауалнама X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде өткен және оған қатысқандардың 65 пайыздан астамы жаңа партия құруды қолдап дауыс берген.
«Тәуелсіздік күні — қос партиялы (кейбіреулер оны жалғыз партиялы деп санайды) жүйеден тәуелсіз болғыңыз келе ме, соны өзіңізден сұрайтын ең орынды сәт», – деп жазды Маск 4 шілде күні.
Оның айтуынша, жаңа партия Сенаттағы екі-үш мандат пен Өкілдер палатасындағы сегіз–он округке назар аударуды көздейді.
«Бұл — шешуші дауысты иеленіп, даулы заң жобаларының халықтың шынайы еркіне сай болуын қамтамасыз етудің тиімді жолы», – деді ол.
Жаңа партия құру бастамасы Илон Маск пен қазіргі президент Дональд Трамп арасындағы жанжалдан кейін өрбіді. Қақтығыс Масктың Үкімет тиімділігі жөніндегі департамент басшысы қызметінен кетуімен басталды. Ол Трамп ұсынған бюджет пен салықтық жеңілдіктерді ұзарту туралы заң жобасын өткір сынап, президенттің «үлкен және керемет заң» деген бағасына қарсы пікір білдірді.
Маск бұл заңды «жиіркенішті сұмдық» деп атап, оның қабылдануы АҚШ-тың онсыз да рекордтық деңгейдегі мемлекеттік қарызын күрт арттырады деп есептейді.
Осылайша, елдің саяси сахнасында жаңа ойыншы — Илон Маск құрған «Америка» партиясы пайда болмақ. Бұл бастама АҚШ-тағы екі партиялы жүйені қайта қарауға үндейтін саяси эксперименттің бастауы болуы мүмкін.
Фото: Reuters