Индонезияда екі қазақстандық өлім жазасына кесілуі мүмкін

57


Munarmedia.kz 27.06.2025 / Астана /-Индонезияның әйгілі туристік аймағы — Бали аралында екі қазақстандық азамат пен бір америкалық есірткі саудасы күдігімен тұтқындалды. Бұл туралы The Jakarta Post басылымы хабарлады.

Америкалық азамат 23 мамырда ұсталған. Полиция оның сөмкесінен жеті орамада жасырылған 99 амфетамин таблеткасын тәркілеген. Құқық қорғаушылар оны тек есірткі сақтағаны үшін емес, таратып сатпақ болғаны үшін де айыптап отыр. Бұл – Индонезия заңнамасы бойынша ауыр қылмыс.

Ал екі қазақстандық азамат сәуір айында қолға түскен. Тергеу деректеріне сәйкес, олар 49 граммға жуық метамфетаминді елге жеткізіп, тапсырыс берушіге табыстауды көздеген. Оларға тағылған айып өлім жазасына алып келуі мүмкін. Айта кетейік, Индонезияда есірткі айналымына қатысты кейбір қылмыстар үшін атып өлтіру арқылы орындалатын өлім жазасы қарастырылған — бұл жаза түрі әлемдегі ең қатаңдардың бірі саналады.

Аталған іске қатысты Қазақстан мен АҚШ-тың Джакартадағы елшіліктері әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын нақтылап жатқанын мәлімдеді. «Орда» редакциясы мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдады.

Бали аралындағы есірткімен күрес агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың сәуір–мамыр айларында аралда есірткі саудасына қатысты 15 қылмыстық іс әшкереленген.

Еске салсақ, биылғы наурыз айының соңында Біріккен Араб Әмірліктерінде үш өзбекстандық азамат кәсіпкер Цви Коганды өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген болатын. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыстағы бұл оқиғалар өңірдегі қылмысқа қарсы саясаттың қаталдығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Фото: Envato Elements.