Munarmedia.kz 19.06.2025 /Астана/-Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы, ауыр қылмыстар үшін сотталған Кәрім Мәсімовтің «ауыр дертке шалдыққаны» туралы тараған ақпаратты ресми түрде теріске шығарды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
– Жағдайы қалыпты, жазасын өтеуде, – деді министр Сәденов мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
БАҚ өкілдері Мәсімовтің денсаулығына қатысты нақтылай сұрақ қойып, оның есепте тұрған-тұрмағанын, сондай-ақ медициналық көмек көрсетіліп жатқан-жатпағанын сұраған. Министр бұған қысқа да нық жауап берді:
– Жоқ. Бүгінгі таңда мен сіздерге ресми түрде айтып отырмын, – деді Сәденов.
Еске салсақ, көктемде кейбір дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Мәсімовтің ауыр дертке шалдыққаны, нақтырақ айтқанда, онкологиялық аурудың күрделі түріне шалдыққаны және жағдайы өте ауыр екені туралы қауесеттер тараған еді.
Ал ресми мәлімет бойынша, 2023 жылғы 24 сәуірде Астана қаласының соты Кәрім Мәсімовке айыптау үкімін шығарған болатын. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің:
– 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау),
– 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу),
– 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (билікті асыра пайдалану)
бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның бұрынғы орынбасарлары — Әнвар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ергожин 15 жылға, ал Марат Осипов 3 жылға сотталған.
2024 жылғы 30 мамырда KazTAG агенттігі Мәсімовтің жаза өтеу режимі жеңілдетілетіні туралы жазған. 16 маусымда бұл ақпарат ресми түрде расталды: сот бірінші инстанцияда тағайындаған ең жоғары қауіпсіздік мекемесі орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылған.
2024 жылғы 10 маусымда Мәсімов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан рақымшылық сұрағаны белгілі болды.
14 маусымда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Мәсімовтің рақымшылық сұрауына байланысты пікір білдіріп, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да куәлік беру керектігін ұсынды.
Ал 28 маусымда Тоқаевқа Мәсімовке рақымшылық бермеу жөнінде ұсыныс берілгені белгілі болды. 2024 жылғы 23 шілдеде KazTAG агенттігі Президент Тоқаевтың Мәсімовті рақымшылыққа іліккендер тізімінен ресми түрде алып тастағанын хабарлады.
Фото дереккөзі: primeminister.kz