Ішкі істер министрлігі қазақстандық жүргізушілердің айыппұлдарға қатысты шағымдарына түсініктеме берді.

68

Munarmedia.kz 30.12.2025 /Астана/ –ІІМ ақылы автожолдарда жылдамдықты асырғаны үшін салынған айыппұлдарға байланысты жүргізушілер тарапынан айтылған наразылықтарға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желілерде ақылы жолдармен жүргеннен кейін жылдамдықты арттырғаны үшін айыппұл алған азаматтардың шағымдары жиілеген.

Министрлік мәліметінше, Астана – Щучинск және Астана – Теміртау бағыттарындағы автожолдарда орнатылған жылдамдықты шектеу көрсетілген электронды ақпараттық таблолар жол қозғалысы ережелеріне сәйкес заңды күшке ие.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді уақытша енгізілетін жылдамдық шектеулерін қатаң сақтауға шақырады», – делінген хабарламада.

Ведомство жүргізушілерден түскен шағымдардың жаппай сипат алғанын атап өтті.

«Азаматтар Астана – Щучинск және Астана – Теміртау тасжолдарында белгіленген жылдамдық режимін сақтамағаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарға қатысты көптеген өтініш жолдады. Осы орайда ІІМ қала сыртындағы жолдарда орналасқан ақпараттық таблолар қолданыстағы заңнамаға сәйкес толыққанды электронды жол белгілері болып саналатынын еске салады. Аталған таблоларда 3.24 “Ең жоғары жылдамдықты шектеу” белгісі көрсетіледі», – деп хабарлады министрліктен.

Сондай-ақ бұл белгілер ауа райы жағдайына байланысты өзекті жылдамдық шектеулерін көрсететіні нақтыланды. Атап айтқанда, тұман, көктайғақ, нөсер жаңбыр кезінде, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары жүргізілгенде немесе жол-көлік оқиғасы орын алғанда уақытша шектеулер енгізіледі.

Таблоларда көрсетілген шектеулерді сақтау міндетті.

«Автожолдағы негізгі ақпарат көзі – таблода көрсетілген жол белгілері. Сондықтан оларды мұқият бақылауды сұраймыз. Уақытша жылдамдық шектеулері жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Ереже бұзушылықтар тәулік бойы және кез келген ауа райында жұмыс істейтін автоматты камералар арқылы тіркеледі. Жылдамдықты уақытша шектеудің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау», – делінген ІІМ хабарламасында.