17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына дрондар шабуыл жасап, ол жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы компания ресми мәлімдеді.
«Террористік шабуыл жеті дрон арқылы жасалды. Олар жарылғыш заттармен қатар металл сынықтарымен де жабдықталған. Шабуыл белгілі бір уақыт аралығында ұйымдастырылған, бұл нысанның жұмысын бұзып қана қоймай, станция қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіруді көздеген. Алайда персонал арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында мұнайдың төгілу қаупі болдырылмады. Қазіргі уақытта Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай тасымалдау «Кропоткинская» станциясын айналып өтіп, төмендетілген режимде жалғасуда», — делінген ресми хабарламада.
Ресейлік сарапшы Дмитрий Евстафьевтің пікірінше, бұл шабуыл Украина билігінің тікелей бұйрығымен жүзеге асқан және оның мақсаты – АҚШ компанияларының табысына нұқсан келтіру. Себебі Украина Дональд Трамптың ықтимал сайлануына алаңдап отыр. Сонымен қатар, кейбір ресейлік әскери шолушылардың пікірінше, Киев бұл әрекеті арқылы 18 ақпанда Эр-Риядта Ресей мен АҚШ арасында Украинасыз өтетін келіссөздер қарсаңында Вашингтонға қысым көрсетуді көздеуі мүмкін.
Telegram-дағы «Визорий» арнасы «Кропоткинская» станциясы КҚК-нің Ресей аумағындағы ең ірі мұнай айдау станциясы екенін атап өтті. Ал «Банкста» арнасының дерегінше, бұл нысан арқылы Қазақстан мұнайын «Shell», «Chevron» сынды батыстық компаниялар сатып алады.
Қазақстан Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі Олжас Байділдинов бұл шабуылдың жақын арада мұнай тасымалына айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеді. Себебі кез келген мұнай құбырының резервтік қоймалары бар.
«Қазіргі уақытта консорциум жөнелтуге шектеулер енгізбегенін хабарлады. Менің ойымша, бұл рас. Егер қателеспесем, КҚК теңіз терминалында шамамен 100 мың тонна мұнай сақтауға болады. Қалай болғанда да, мұнай құбырының жұмысы тоқтамайды», — деді Байділдинов.
Оның пайымдауынша, бұл шабуыл Қазақстан мұнайының тасымалына айтарлықтай ықпал етпейді, бірақ жағдайды «қолайсыз оқиға» деп бағалады.