Казино – туризмді дамыта ма, әлде қоғамды әлсірете ме?

52

Жақында туризм және спорт министрі Мырзабосынов журналистерге берген сұқбатында енді бес казино ашып, Қазақстанның туризм саласын дамытқалы жатыр екен.

Ал, Мәжілістің өткен жылы ойын, лудоманиямен күресі туралы бір жылдық еңбегі зая кеткенге ұқсайды.

Сонда министр мырза "кімдердің мүддесін" қорғап, сойылын соғып отыр? Туризмді дамыту үшін Ұлытаудағы "Жошы хан" кесенесін әлемдік стандарттарға сай, инфрақұрылымы дамыған орталық жасаймыз десе, ер екен дер едім.

Ал, Мырзабосынов Қазақстанда туризмді дамыту туралы айтқанда, казино инфрақұрылымын кеңейту мәселесін көтеруі – оның "білімділігіне" күмән келтіреді.

Бұл бастама «жоғары табыс» пен «жаңа жұмыс орындары» уәжімен түсіндіріледі. 

Алайда, мәселенің екінші – ең маңызды жағы бар.

📌  Казино – құндылықтарға қарсы ұйым. 

Ол халықтың бір бөлігінің ақшасын екінші бөлігіне қайта бөлетін механизм ғана. Түскен табыстың басым бөлігі – лудоманияға шалдыққан адамдардың, қарызға батқан отбасылардың қаржысы.

🌍  Халықаралық тәжірибе нені көрсетеді?

Дамыған елдерде казино:

– қатаң шектеумен жұмыс істейді;

– жергілікті азаматтар үшін қолжетімді емес;

– туризмнің негізгі бағыты ретінде  саналмайды.

Басқа мемлекеттер туризмді тек казино арқылы дамытуды ұлттық стратегия ретінде таңдаған емес.

📍 Қапшағай (Қонаев) тәжірибесін алсақ, казинолары бар, дамып кеткен Қонаев жоқ.

Зәулім-зәулім ғимараттар тұрғанмен, Қонаевтың проблемасы шаш етектен. Бәрі әкімдіктің мойнында. 

Бұл – ойын бизнес аймақты өркендетпейтінінің нақты дәлелі.

⚠️  Моральдық және әлеуметтік салдары казино жастарды тәуелділікке итермелейді;

– отбасының шаңырағын шайқалтып, моральдық, материалдық шығынын арттырады;

– қоғамның рухани иммунитетін әлсіретеді.

Қазақстан қоғамы мұндай модельді қолдамауы керек.

Туризм мен спортты дамыту дегеніміз – казиноны көбейту ме, әлде адам капиталын, мәдениет пен табиғатты дамыту ма? 

Министр мырза осыны қалай түсінеді екен?

🔍  Казино – жеңіл табыс көзі, бірақ ауыр әлеуметтік салдары бар бағыт.

Қазақстан туризмі– спортқа, мәдениетке, тарих пен табиғатқа негізделген, қоғамға зиян келтірмейтін туризм болу керек.

Айтпақшы, министр бала жақында үшінші рет шахмат пен әлем чемпионы болған Бибісара қарындасымыз туралы естіді мен екен?


Асылбек Баяжума