Munarmedia.kz 27.06.2025 / Астана /-Қостанай облысында УАЗ-452 маркалы көліктердің жаппай сатып алынуы қоғамда үлкен даулы пікір туғызды. Медициналық қызметкерлердің кәсіби мерекесі — Медицина қызметкерлері күніне орайластырылып, жергілікті ауруханаларға жалпы сомасы 320 миллион теңгеге сатып алынған 20 дана УАЗ санитарлық автокөлігі салтанатты түрде табысталды.
Мұндай жаңалық халықтың бір бөлігін қуантқанымен, денсаулық сақтау саласының өкілдеріне бұл шешім мүлде түсініксіз және тіпті төсек тартып жатқан жүйеге мазақ секілді көрінді.
Аймақ билігіне қарасты бұл жобаны облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина таныстырып, «жаңа көліктер ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады» деп сендірді. Алайда жергілікті фельдшерлер мен дәрігерлер УАЗ-452 туралы мүлде басқа пікірде.
«Бұл – жай ғана сары түске боялған, консерві банкасын еске салатын көне техника. Кеңес дәуірінде шығарыла бастаған көлікті 2025 жылы жедел жәрдем ретінде қабылдау – нағыз абсурд», — дейді Қостанай қалалық ауруханасының фельдшері Мария.
Оның айтуынша, қала ішінде Hyundai, JAC, Ford сынды кең әрі заманауи машиналар бар. Олар көп шақыртуға шыдай бермейді, дегенмен ішінде ИВЛ аппаратынан бастап, шұғыл реанимацияға дейін барлық қажетті құрал бар. Ал УАЗ көліктері тіпті науқасты қабылдауға бейімделмеген, «температурамен отырған адамды такси секілді жеткізуге ғана жарамды».
Кәсіпқойлардың айтуынша, мұндай көлік медициналық көмектің сапасын арттыру емес, оның абыройын түсірумен тең. Шұғыл көмек көрсететін сала үшін кең, сенімді, тез қозғалатын әрі функционалды көлік қажет, ал УАЗ бұл талаптарға еш сәйкес келмейді.
Айта кету керек, бұл машиналар Ульяновск автозауытында шығарылып, «Автодом» серіктестік компаниясы арқылы Қазақстанға жеткізілген. Сыртқы түсі — лимон-сары, көзге бірден түседі. Бірақ медицина мамандары үшін бұл тек бояу емес, реформалардың кері кеткенінің символы секілді.
Қоғам тарапынан да сын көп. Бұл жағдай жергілікті бюджеттің жұмсалу тиімділігі мен денсаулық сақтау инфрақұрылымына көзқарас туралы кең сұрақтар тудырып отыр.
Фото: Livejournal.