Munarmedia.kz 18.06.2026. ASTANA – Көкшетауда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі аудармашы Жақан Сыздықовтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ж.Сыздықовтың биографиясы мен библиографиясы» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды шара Көкшетау қаласының тарихы музейінің директоры, ақын Алмас Темірбайдың бастамасымен өтті. Кешке өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жастар қатысты.
Іс-шара Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлері әзірлеген ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған фотокөрмемен басталды. Көрмеде Жақан Сыздықовтың әдеби мұрасы, өмірбаяны және сирек кездесетін архивтік материалдар таныстырылды.
Жақан Сыздықов – қазақ әдебиетінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан қаламгерлердің бірі. Ол 1901 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Қарағаш ауылында дүниеге келген. Ақынның шығармашылығы ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қоғамдық өзгерістермен сабақтасып, туған жерге сүйіспеншілік, еңбек адамының бейнесі, ел өмірі мен заман тынысын арқау етті.
Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, Жақан Сыздықов қазақ поэзиясының дамуына, әсіресе поэма жанрының өркендеуіне зор үлес қосты. Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәбит Мұқанов пен Бейімбет Майлинмен қатар еңбек етіп, ұлттық әдебиеттің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Ақынның «Әлі қарттың әңгімесі», «Майкөл тамы», «Еңбек жемістері» секілді поэмалары оқырман қауымға кеңінен танымал. Сонымен қатар ол аударма саласында да жемісті еңбек етіп, қазақ руханиятының дамуына қызмет етті.
Кешті ақын Мұхаммед Қонқаев жүргізсе, шараның өтуіне облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспан қолдау көрсетті.
Жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері Ермек Нұғманов, Құдайберді Мырзабеков, Аян Қажыбаев, Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің ғалымы, жақантанушы Аманжол Ыдырысұлы, ғалым-педагог Нұртас Ахат, Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева және Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің өкілдері ақын шығармашылығының маңызын атап өтті.
Шара барысында Жақан Сыздықовтың әдеби мұрасын зерттеу, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері кеңінен сөз болды.
Кеш соңында ақынның туған жері Қарағаш ауылындағы орта мектеп оқушылары қаламгердің өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби кештің мазмұнын байыта түсті.
Айта кетейік, Жақан Сыздықовтың әдеби мұрасы бүгінгі күнге дейін толық зерттеліп болған жоқ. Сондықтан ақынның шығармашылық әлемін зерделеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
#ЖақанСыздықов #Көкшетау #ӘдебиКеш #ҚазақӘдебиеті #АқмолаОблысы #Руханият #Munarmedia #Мәдениет #Тарих #Поэзия