Munarmedia.kz.19.09.2026.ASTANA Көкшетау қаласында автокөлікті тұраққа қоюға байланысты туындаған жанжал кезінде студент қыз жарақат алды. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Zakon.kz басылымының Ақмола облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға 2026 жылғы 17 қыркүйекте Ақан сері көшесіндегі үйлердің бірінің маңында болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, студент қыз Lada Vesta көлігін қақпа маңына қалдырып, оқу орнына кіріп кеткен. Оның айтуынша, көлік иесін күткен ер адаммен арада жанжал туындаған.
Полицияның хабарлауынша, ер адам көліктің есігін тепкен. Соның салдарынан қыздың басы жарақаттанған.
Оқиғаға қатысы бар 43 жастағы жергілікті тұрғын анықталды. Қазір оған қатысты бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция мәліметінше, көлік тұрған жерде қақпа алдындағы аумақтың көлік шығатын жол екенін көрсететін арнайы жол белгісі немесе таңбалау болмаған.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
#Көкшетау #АқмолаОблысы #ЖолДауы #Полиция #ҚоғамдықҚауіпсіздік #Munarmedia