Көкшетауда қазақ музыкасын қорлаған өзге ұлт өкіліне тергеу басталды

176

Munarmedia.kz 06.03.2026/Astana/ — Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында қазақ музыкасын қорлау фактісіне байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі — «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша жүргізілуде.

Оқиға өткен жылдың соңында қаладағы шаштараздардың бірінде болған. Салон қызметкерлері арасында жұмыс барысында залда қандай әндер қойылуы керектігі жөнінде пікірталас туындаған.

Шаштараз шебері Алмагүл Әлиеваның айтуынша, мекемеде орыс, түрік және грузин тілдеріндегі әндерді еш кедергісіз қосып келген. Алайда қазақ тіліндегі музыканы қою мәселесі дау тудырған.

— Мен пультке барып, қазақша ән қосқым келді. Сол кезде әріптесім: «Жоқ, қажет емес, біз ондайды тыңдамаймыз», — деді. Соған қарамастан мен әнді қосып, өз жұмысымды жалғастыру үшін кетіп қалдым. Клиенттерім кеткеннен кейін музыка қайта өшірілгенін байқап, себебін сұрадым. Сонда ол: «Мен саған айттым ғой — біз ондайды тыңдамаймыз. Мұндайды кім тыңдайды? Бұл не деген былық?» — деп жауап берді, — дейді Алмагүл Әлиева.

Шеберлер арасындағы сөзге келу ұзаққа созылмағанымен, қазақ музыкасына қатысты айтылған қорлайтын сөздер қоғам назарын аудартты. Алмагүл Әлиева бұл әрекетті ұлттық мәдениетке тіл тигізу деп бағалап, құқық қорғау органдарына ресми түрде арызданған.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Істің мән-жайы толық анықталып, заң аясында тиісті құқықтық баға берілмек.

Сарапшылардың айтуынша, ұлттық мәдениет пен тілге қатысты қорлайтын сөздер қоғамдағы татулық пен өзара құрмет қағидаларына қайшы келеді. Сондықтан мұндай жағдайлар құқықтық тұрғыдан мұқият қаралып, тиісті шаралар қабылдануы тиіс.