UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Конор МакГрегор Ирландия президенттігіне кандидат болатынын мәлімдеді. Елдегі президенттік сайлау 2025 жылғы 11 қарашаға жоспарланған. Қазіргі таңда 36 жастағы МакГрегор сайланған жағдайда ЕО-ның көші-қон пактісін референдумға шығаруға уәде берді. Ол бұл құжатқа қарсы екенін ашық айтты. "Үкіметке және осы заң жобасына кім қарсы тұрады? Олар ұсынатын кез келген басқа кандидат оған қарсылық білдіре алмайды. Ал мен жасаймын", – деп жазды ол әлеуметтік желіде. Спортшы сондай-ақ "Ирландияны қайтадан ұлы елге айналдырайық" деген ұран жазылған бейсболкамен түскен суретін жариялады. Бұл сөздер АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әйгілі "Make America Great Again" (MAGA) лозунгіне ұқсайды.
Соңғы жылдары МакГрегор антимигранттық көзқарастарымен танымал болды және Ирландиядағы әсіреоңшыл күштердің көшбасшыларының біріне айналды. Жақында ол Ақ үйде Дональд Трамппен кездесті. Дегенмен, оның саяси амбициялары бірқатар жанжалдарға байланысты күмән тудырады.
2024 жылдың қарашасында Дублин соты МакГрегорды зорлау ісі бойынша кінәлі деп танып, жәбірленушіге 250 000 доллар өтемақы төлеуге міндеттеді. 2025 жылдың қаңтарында оған қатысты тағы бір сексуалдық зорлық-зомбылық туралы азаматтық талап арыз берілді. Ирландия парламенттік республика болғандықтан, президент негізінен рәсімдік қызмет атқарады. Дегенмен, ол парламент қабылдаған заңдарға вето қою құқығына ие.