Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Көшеден әскерге алып қашу: министр жаңа шешім ұсынды

118

Munarmedia.kz 19.06.2025 /Астана/
ЖОО-ға қабылдау мерзімі мен әскерге шақыру уақыты сәйкес келмейді – министр Нұрбек

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді әскерге шақыруға байланысты туындаған жағдайға түсініктеме беріп, бұл мәселе Қорғаныс министрлігімен бірлесіп қаралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Назарбаев университетінің студентін әскерге алып кеткен жағдай заң аясында болды. Мұндағы мәселе – еліміздегі жоғары оқу орындарына қабылдау мерзімі мен Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру мерзімінің сәйкес келмеуінде. Атап айтсақ, Назарбаев университетінде қабылдау процесі шілде-тамыз айларында өтеді. Егер сол уақытқа дейін талапкердің «студент» мәртебесі болмаса, оны әскерге алып кетуі мүмкін, – деді министр Мәжіліс кулуарында журналистерге берген жауабында.

Саясат Нұрбек бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтып өтті.

– Біз Қорғаныс министрлігіне мерзімдерді сәйкестендіру жөнінде ресми ұсыныс бердік. Назарбаев университеті біздің қолдауымызбен талапкерлерге уақытша «студент» мәртебесін беру туралы шешім қабылдады, сәйкес бұйрық та шықты. Ендігі маңызды қадам – әскерге шақыру мерзімін ЖОО қабылдау кезеңімен үйлестіру. Себебі талапкерлер бұл аралықта емтихан тапсырып, нәтижесін күтеді. Ал сол уақыттың ішінде оларды әскерге шақырып жібереді. Сондықтан көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандарын осы үрдістермен сәйкестендіріп жатырмыз, – деді ведомство басшысы.

Фото дереккөзі: ҚР Қорғаныс министрлігі