Кремльге кіріптар болмаймыз! Сәтқалиев елді сабырға шақырды...

60



Қазақстандағы алғашқы АЭС толықтай еліміздің меншігінде болады. Ресейге кіріптар болып, Кремльдің қас-қабағына қарап қалмаймыз.

Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.

Айтуынша, Қазақстан АЭС-тің басыбүтін қожайыны ғана емес, оны басқаратын оператор, шикізатты өндіруші, әрі бүкіл технологиялық процестің иесі болады.



«Конкурстың басты талабы АЭС-тің тәуелсіз әрі тиімді жұмысын тек отандық кадрлардың күшімен қамтамасыз ету. Ол үшін өзімізде маман дайындау жүйесін қалыптастырамыз, сондай-ақ индустриалды-техникалық базаны дамытамыз. Станция құрылысының барлық кезеңін барынша өз ішімізде іске асыратын боламыз», – деді Сәтқалиев.

Агенттік төрағасының сөзінше, АЭС жобасына аясында ел экономикасына қомақты инвестиция құйылады. Соған қарамастан, атом саласындағы технология бойынша Мәскеуге тәуелді болып қалу ықтималдығы өте төмен, тіпті жоққа тән.

«Тәуелсіздік қағидаты келісімшартта нақты шегеленген. Біздің формула қарапайым. Серіктес келеді, станцияны тұрғызады, мамандарды баулиды да, жұмысын аяқтап, келген жағына кері қайтады», – дейді агенттік басшысы.



Бұдан бөлек, Қазақстан АЭС-ке қажетті ядролық отын элементтерін өз жерінде өндіретін болады. Бұған еліміздегі уран қоры мен қазірдің өзінде өндіріліп жатқан ядролық отын тәблеткісы мүмкіндік береді.

Қазақстан канадалық компаниялардың лицензиясы бойынша уранды конверсиялау технологиясына ие. Бұған қоса еліміз Ресей және Қытаймен осы салада тығыз әріптестік орнатқан.

Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС-тің салынуы Қазақстанда толыққанды атомдық кластер құруға жол ашады.

Ел аумағында шикізатты өндіруден бастап, дайын отын шығаруға дейінгі процестің барлығы қамтылады. Мұның бәрі Президент Тоқаевтың тапсырмасына сай келеді, атом саласын дамытудың негізгі мақсаты да осы.