Атақты скрипкашы Айман Мұсақожаева алаяқтың арбауына түсіп, 200 мың долларынан айырылды. Ол әлгі ақшаның "көмегімен" Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры қызметіне қайта оралуды көздеген.
Күні кеше Алматыдағы Алмалы аудандық соты 37 жастағы Арман Тәженовтің ісін қарады деп жазады Ertenmedia. Ол өзін КНБ төрағасының жиенімін деп таныстырып, жоғары лауазымға қайта тағайындауға "көмектесемін" деп уәде берген.
Сот мәліметіне сәйкес, алаяқ былтыр көктемде Шымкентте шекара қызметінен жұмыстан шығарылған бұрынғы қызметкермен танысып, оны қайта жұмысқа орналастыруға сөз берген. Әлгі адам Тәженовке алдымен 10 мың доллар қолма-қол беріп, кейін тағы 2 миллион теңге аударған. Ақырында, ақшасынан да, қызметінен де қағылған.
Мұсақожаева 1998 жылдан бастап 25 жыл бойы Қазақ ұлттық өнер университетін басқарған, бірақ 2024 жылдың басында қызметінен босатылған болатын.
Айманның жолдасы зейнеттегі өмірден жалыққан жұбайын ректорлық креслоға қайта отырғызудың жолын іздеп, Тәженовке 200 мың доллар ұсынады. Ақшаның жартысын алған Тәженов біраз уақыт өткен соң тағы 100 мың доллар талап еткен. Сөйтіп ізім-қайым жоғалған.
Судья Құралай Дарханова Тәженовті кінәлі деп танып, оған гуманистік ұстаныммен 4 жыл шартты мерзімге үкім шығарыпты. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ал әлемжелідегі қауым ақша арқылы қызметті сатып алуға тырысқан Мұсақожаеваның әрекетін сынға алып жатыр.