Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен оқиғаға байланысты Magnum сауда желісінің басшылығы ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлайды.
Компания өкілдері қоғам алдында туындаған келеңсіз жағдайға өкініш білдіріп, жұртшылықтан кешірім сұрады. Басшылықтың айтуынша, қызметкер мен тұтынушы арасындағы түсініспеушілік бейбіт жолмен шешіліп, тараптар бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқан.
"Қазақ — сабырға негізделген халық. Біз де сол дәстүрмен екі тараптың арасындағы мәселені келісіммен шештік. Қызметкеріміз жұмысын қайта жалғастырып жатыр", – деді компанияның топ-менеджері Нияз Шапақов.
Ол сондай-ақ Magnum ұжымы мемлекеттік тіл — қазақ тіліне зор құрметпен қарайтынын атап өтті.
"Ана тіліміз — басты құндылығымыз. Оны білу — әрқайсымыздың азаматтық парызымыз", – деді Шапақов.
Компания өкілдері болашақта мұндай түсініспеушіліктерге жол бермеу үшін ішкі мәдениет пен қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіруге ниетті екенін білдірді.