Сырты шелді, іші сөлді «Сыртолғау» Мемлекеттік сыйлық мәртебесіне нағыз лайық-ақ туынды. Қайраткер ақынның қалың ел, көп тілеулестері аламан бәйгеде алаш туын аспандата көтеріп, алдаспан жырымен ақиқат сөзін айтып жүрген шайыр шашасына шаң жұқпай мәреге жетеді деген үмітте.
Сағымға сіңген XX ғасырдың аяқ шенінде өлең өлкесінде кездесіп қалып, кестелі жырларымен жадымда әбден орныққан ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, аламанға түскен кезінде біз де ат басын қалай іркіп қаламыз?
Ақын әріптесімнің кейде сезіміңді сергіте отырып сергелдеңге салатын, кейде ойыңды оята келіп ұйқы-көңілдің ұйпа-тұйпасын шығаратын шымыр да «шалдуар» жырларын оқыған жан оның кең тыныстың, кемел көрінекіліктің (образ) ақыны екенін аңғарар еді. Мұны оның тұнық лирикалық өлеңдерінің өзі балладалық бағдарға бұрылып тұратынынан байқауға болады. Бұл – ақын қиялын кернеген ағыл-тегіл ой ағыны лепілдеген лирик-көңілдің қалыбына сыймай кеткен кезде барша таланттың басында болатын құбылыс. Сол құбылыс оның оң жамбасына келген де сияқты.
Ол туған өлкесі Түркістан, өсіп-өнген шиыры Шардара мен Қызылқұм өңірінің әр бұтасын анық, әр бояуын қанық қылып суреттегенде, осылай да сөз-сурет салуға болады екен-ау деген ризашылық сезімге бөленесіз. Тәрізі, негізгі мамандығы суретші ол әр сөз-бояуын түсірерде ақынның ғана емес, суретшінің де жанарымен жіті қарауды ескеретіндей. Осындайда домбыраның тоғыз пернесінен тоқсан түрлі дыбыс шығарғандай нөпірлететін Жұмекен ақынның күйшілігі еске түседі... Шынында да, ұлы ақын құдіретінің бір сыры оның күйшілігінде екенін айтып жүргендердің пікірін негізсіз деуге болмас. Дәл солай, Қазыбек ақынның да өлеңі бояулы, өнері ояулы болуына суретшілігі септесетін шығар.
Оның «Жапандағы жалғыз үйі» – жалғыздық пен сағыныштың, аңсар мен аңсаудың бояуына малынып тұрған туынды. Иә, бұл өлең өмірдегі жеті бояудан басқа, көңілдегі сағыныш, сарылу бояулары да болатынын анық аңғартқандай. Жалғыз үй – ақынның жырақта қалып кеткен мұңсыз-қамсыз балалық өмірінің естелігі. Бәріміздің жанымызға жақын, енді қайтып оралмайтынымен көңіліңді мұңға, көкірегіңді сырға жетелейтін әрі жұпыны, әрі жұпарлы мекен.
Жалғыз үйді көргенде жапандағы,
Құлазимын бір мұңға батам-дағы...
Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың, қайтейін, болмағаны-ай.
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай...
Бір білерім, әйтеуір,
Бір кездері
Құмдағы үйге құлаған із жатады,
Жапандағы үй жанымды сыздатады...
Осы бір үздіккен көңілдің үзінділері-ақ автор мен оқырман көңілін бір арнада тоғыстырып, сағыныш-сезімнің сай-сүйегін сырқыратқандай.
Жалғанда ел, жер, отан тақырыбын жырға қосудан қиын нәрсе жоқ. Ақын Қазыбек «Ауылға келу» өлеңінде бұл қиындықты детальдарды дәл ойнатып, сөз фигураларының контрас тәсілін тиімді қолдану арқылы еңсеріпті. Өлеңдегі жеңіл юмор да (Шатақ шалдың қалай деп жүйкелері, Шарбағына ешкілер сүйкенеді) жақсы өлеңнің жапырағын одан әрі жасартып тұрғандай. Ақын мұнда туған жерге деген жыр жасауын жырақтан іздемей, жанында жатқан бұлақтан, жасыл боп өскен құрақтан алуымен ұтқан. Контрастың да пайдасы осы тұста тиген.
Сортаңына жерімнің тартты ма екен,
Кейде мынау ұлыңның соры қалың...
Жүрегіме мөлдіреп құйылады,
Ерте көктем ағатын лайлы арық...
Қасқа жолда түйелер дымды көрмей,
Маңғаз басар бағасын шын білердей.
Көлік біткен айналып өтіп жатыр,
Сиырларын сыйлайтын үнділердей.
Алғашқы екі мысалда сортаң жер мен соры қалың адам, мөлдірлік пен лай секілді кереғар ұғымдарды шарпыстыру арқылы шынайы ой түйініне жеткен шайыр, үшінші шумақта үнділер дәстүрін қазақ жырының сәтті деталі ете білген.
Біздің білуімізде, қай өнер түрі болсын оймен басталып, ойлантумен аяқталса игі. Мықты өнердің мұраты да сол. Қазыбек те ойшылдық бағытындағы ақын. Ол Шардараға арнаған өлеңінде айдын шалқардың шалқуынан шабыт алған шағалалар шарқ ұруын ақын шабытының ширығуымен шебер ұштастыра білген. Мұны:
Көк аспанның астында шағыл кешсең,
Көк теңізге айнадай тап боласың, –
деген бейнелі жолдармен белгілей келіп, өлең әсерлілігін «құмстаннан айналдың гүлстанға» секілді ішкі ұйқастармен арттыра түседі. Ол – өлең діттеген жеріне жеткенше, дамыл таппайтын мығым ойдың мырзасы, тауып айтудың ұстасы. Мұны бір ғана «Шардарадағы» көркемдік құралдардың мейлінше молдығына байланысты айтып отырмын. Мәселен, жақсының дәмін сезер қазақ осындағы:
Сана оятар сарғайған сағанасы,
Көктеп кетер көк тірер бағанасы.
Шыбығынан шыр жиған шырын сорып,
Шыбықтасаң кетпейді бал арасы, –
деген әр дыбысы бір-бірін магниттей тартып тұрған әуезді үйлесімді де өзіне эстетикалық тұрғыдан шет көрмесе керек. Өлеңнің «төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп, төрт қақпаңа мен сенің тірелемін» деп келетін теректей тегеуірінді тармақтармен аяқталуы да табиғи тынысын ашып тұрғандай.
Иә, өлең қызығына елтиміз деп біз ақынның туған жер, өскен ел тақырыбындағы желіге байланып қалдық. Оның өзінде де бір жинаққа жүк болар бұл топтаманың мұртын да шаға алған жоқпыз.
Табаныңа тартылғанда үзеңгі,
Тағдыр салса, басарсың-ау жүз елді.
Қаншама кең болғанымен қара жер,
Бір-ақ жерге бүгесің ғой тізеңді, –
деп туған жерді ту еткен қаншама жыр жауһарлары жамырай қарсы алады бұл шоғырда...
Әрине, алуан тақырыпты қозғаған ақын өлеңдерінің бәріне аялдап жату мүмкін емес. Әр толғаудың өз тылсымы, өз тынысы бар.
Мәселен,
«Топырағыңды басқанда жалаңаяқ,
Тұла бойға туған жер нұрды құйып,
Алтын жұққан табаным тұрды күйіп, –
деп оттай ыстық демімен шарпитын кейіптеулерге қалай қарайсыз? Өз басым мұндағы «алтын жұққан табаным тұрды күйіп» образын жыл он екі ай ойланғанда бір-ақ келетін сирек олжа, – дер едім. Ал мұндай мезгілге мұқалмас, жылдарға жұқармас алтын-олжалар аз кездеспейді Қазекең поэзиясында.
Лирикалық өлеңдер тақырыбына келер болсақ, ақын бағзының қосылмай кеткен махабаттары мен бүгінгі бақытты сезім иелерінің көңіл хошын шендестіре отырып, әр заман, әр тағдырдың өзіне сай өрнегін тауып, өрімін келістіреді.
Қазыбектің нәзік сезім, нәркес көз әлемін барынша шыншыл, барынша сыршыл суреттейтін «Мұңнама» бөліміндегі ғашықтық ғазалдарын оқи отырып, бұл бір арнайы толғаныс аясындағы дүние-ау, – деген ойға келдім.
Кілең:
Сені таппай серілікпен сенделдім,
Сезімдегі тұнықтықпен емделдім.
Әлем жеті кереметті біледі –
Сегізінші кереметке келмеді ғой теңгергім;
Ең бірінші кереметті Сен дермін...
іспетті асқақ та ажарлы бейнелеулерден тұратын тұнық әлемді осы шырайлы шумақтан-ақ айқын аңғарасың.
Мәселен, «Қарша қыз», «Аппақ қыз» өлеңдерінде автор ақ бояуды сәтімен ойната отырып, оқырманын оқыс түйінге жетелейді. Өлеңнің өзегі – ақ әлем, аппақ қар, оны кешкен ақ етікті аппақ қыз... тұнған тұнық идиллия. Алайда соған аңсаумен ағарған шашты қосқанда, тұмса сәттердің де түпкілікті болмайтынын аңғарасың. Өмірдің өзің қаламаған шындығына бойлайсың:
Ақ етік киген аппақ қыз,
Ағарған шаш та аңсаумен
Аппақ қыз және ақ әлем.
Немесе:
Қайран менің хаттарым өзің жыртқан,
Терезеңнен жауып тұр жапалақтап.
Әрине, Қазыбек ақынның өзіне тән өзгеше машықпен мүсіндеген мәнері бөлек мәрмәр жырларын әлі де рақат сезімін кеше отырып талдай беруге болар еді, бірақ «теңізді тамшысынан» деген де бар-ау.
Қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің Қазыбектің махаббат жырлары туралы: «Қазыбек Исаның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпалыстарының жалынына шарпылып қалғандай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманның ғашықтық ғазалдары десе де болғандай», –деген жоғары бағасына біз де қосыламыз.
Ал оның «Мұңлық-Зарлық» қиссасы мысалында қай заманда да қоғам дерті болып келген – азған адамгершілік, тозған билік, асқынған аярлық, көпсіген күндестік проблемаларын қопара қозғайтын көлемді дүниесі – «Мұңлық-Зарлық» мұқамы» әріптестері мен әдебиет мамандарының назарын аударуға лайықты дүние, – деп ойлаймын. Қалыпты өлең өлшемінен шығып, қапысыз ой-қиялға қанат қондырған ақын осы жыр-хикаятында қандай қоғамның да іргесін ұстап тұратын басты фактор – адамның кісілік қасиеті екенін көне қисса фонында әсерлі де әдемі бейнелей білген. Сөйтіп, шебер қалам иесі бағзы кездің баянын осы заманның запыран-зарымен ұштастыра отырып, тың игілікке қол жеткізген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақынның «Сыртолғау» жыр кітабын оқи отырып, оның өлеңнен-өлеңге өткен сайын өрге салған жүйріктей өршеленген өжет мінезін аңғара түстік. Ақынның азаматтық үнін айшықтайтын батыл ой, байыпты сезімдер оқта-текте емес, бір-бірінің өкшесін кимелей басып, рухани әлемнің мол байлығын сезіндіргендей. Шайыр ширақ, шайыр ширығулы. Кітаптың «Сырнама» атты бірінші бөлімінде өмірдің пенде баласына ортақ қам-қарекетінің философиялық түйінін бедерлеген ақын, екінші бөлім «Рухнамада» оны тұрмыстық деңгейден рухани биіктікке көтеріп, қоғамдағы толық адам миссиясын асқақтата түседі. Ал үшінші бөлім «Мұңнамада» (ғашықтар ғазалдары) әлгі әлемдік-әлеуметтік ахуалды бейнелейтін жырлардан ширыққан көңілді бір сәт біресе тәтті мұңмен, біресе «ащы» қуанышпен тербетіп, жаныңды жайлы қонысқа жетелейді.
Ақын Қазыбек өзі суретші болған соң ба екен, сезімін суретпен, ойын бейнемен орауға бейім. Әрине, бұл – барша ақынның ұмтылысы. Бірақ ұмтылыс бар да, жету бар. Қазыбекте осы жағы қазыналы. Оның өмірден өгейлік көрумен өткен ұлы суретші В.Ван Гог туралы өлеңі әсерлілік жағынан оқыған адамның құр сүрдерін қалдыратын туынды. Тірлікті ит-қорлықпен өткізген қылқалам шеберінің «Доктор Гаше» портреті өзі өлген соң, көп жылдардан кейін 82,5 миллион долларға сатылды. Ал авторы аштан өлді... осы оқшау халді суреттеуде ақын да аянып қалмапты. «Енді бүгін табаныңды жалайды, жүрегіңді тістеп өткен ит – өмір» деп күйінеді суретшіні түсіне білген суретші-ақын. Өз басыма ақынның бұл жолы да бір нәрсені айта отырып, екінші нәрсені меңзейтін тәсілінен айнымағаны ұнады.
Кітаптың «Рухнама» бөліміндегі оқырманның жігерін жанып, намысын оятар «Күлтегін күмбірі», «Ақиқат даусы», «Ел зары», «Қазына», «Бауыржан Момышұлы» атты қарасы қомақты жырлар жүйесі кітаптың ең жілікті, ең жұлынды тұстары дер едік. Мәселен, «Асылдың бәрі астында жердің емес-ау, марқасқалардың маңдайында екен қазына» дейді ол. Мұны кім дер едіңіз? Иә, Қаныш Сәтпаев. Әйтпесе: «Ақ боз атпен ағып бара жаттың сен, қапасқа емес, қақпасына тарихтың». Мұның Момышұлы екенін зерделі оқырман бірден аңғарса керек. Өйткені ақын қос алыптың өзіне ғана тән болмыс-белгілерін таба білген. Басқаға кигізуге болмайтын шидем шекпенін даралай алған. Бұл өлеңдерде автор ел тіршілігін барын бардай, жоғын жоқтай етіп көрсетіп, жұрт ақынынан ұлт ақыны биігіне көтеріліп кеткен. Аталған жырлардағы Күлтегіннің тасқа тарих жазарда сияны қанмен алмастыруы, желтоқсаншыларға жүректен ақиқаттың даусын жоғалтып алмауды тапсыру сияқты отаншыл образдар осының айғағы дер едік.
Әсіресе, оның «Жаңа дәуір – Жаңаөзен» атты өлеңін шеберлік жағынан шеңберіне толған, ойлылық жағынан оң жамбасқа келген, батылдық жағынан бес қаруын асынған, айтқыштық жағынан афоризмге айналған «таза мінсіз асыл тас» дер едік.
Қазыбек – қайраткер ақын. Қайраткерлік «серінің сертке таққан семсеріндей» өткір жігітке ғана жараспақ. Оның ұлтты ұстап тұратын ұстындар – тіл мен жер тағдыры жолындағы күресте мейлінше табанды мінез танытып келе жатқанын зерделі қауым жақсы біледі. Осы тұрғыдан алғанда, халыққа да керегі батырлығы сөзімен ғана емес, ісімен де ұштасып жататын Қазыбек сынды ақындар-ау деймін. Мұны айтып отырғанымыз, ол мәртебелі қызметтерді мансап, – деп емес, ұлт мұратын жүзеге асырудың құралы, – деп білетін азамат.
Сөз соңында айтарым – біраз уақыттан бері қаламгерлердің қайраттысын анықтайтын Мемлекеттік сыйлық аламаны басталып кеткен екен. Өз басым қайратты қалам иесі десе-ақ, Қазыбек ақынды еске аламын. Көпшілік қауым да осы пікірде болар деген ойдамын. Ендеше, ақынның елімен сырласқан, жерімен мұңдасқан, тілімен тыңды ашқан «Сыртолғау» жыр кітабы неге көп торының ішінде төбелі, көп шабдардың ішінде шаңқаны болып сөре сызығын қимасқа?! Сырты шелді, іші сөлді «Сыртолғау» Мемлекеттік сыйлық мәртебесіне нағыз лайық-ақ туынды. Қайраткер ақынның қалың ел, көп тілеулестері аламан бәйгеде алаш туын аспандата көтеріп, алдаспан жырымен ақиқат сөзін айтып жүрген шайыр шашасына шаң жұқпай мәреге жетеді деген үмітте. Бұл үмітті салиқалы сарапшылар алқасы бекітеріне бек сенеміз.
Абзал БӨКЕН,
ақын,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері