Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметші қаза тапты

51

Munarmedia.kz 09.10.2025 /Астана/ 7 қазан күні Маңғыстау облысында қайғылы жағдай орын алды – мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз қаза тапты. Бұл туралы ресми ақпарат тек келесі күні ғана жария етілді.

Munarmedia-ға белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, кешкі сағат 21:00 шамасында сарбазға дизельді генератордың радиаторын жуу үшін қоймадан бензин алып келу тапсырылған. Алайда ол жанармайдың буына уланып, есінен танып қалған. Сарбазды 10 минуттан кейін тауып алғанымен, дер кезінде көрсетілген көмек нәтиже бермеді – оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Ресми дерек бойынша, қайғылы оқиға техникалық жұмыстар жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған.

– Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс басталды, сонымен қатар қылмыстық іс қозғалды. Қайтыс болған сарбаздың туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз, – делінген ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ресми хабарламасында.

Трагедия Ақтау қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті аумағында орналасқан шаруашылық ғимараттардың бірінде болғаны айтылуда. Анық-қанығы тергеу барысында белгілі болады.