Маңғыстау облысы полиция департаментінің оқу-жаттығу ротасының қызметкерлері өз басшылары – полиция майоры Максат Айгелдиевтің әрекеттеріне наразы. Қызметкерлердің ұжымдық шағымына сүйенсек, жаңа басшы тағайындалғаннан бері бөлімде тыныштық бұзылып, ұжым іштей күйзеліске ұшыраған.
Айгелдиев былтыр қарашада ротаның командирі болып келген. Сол кезден бастап ұжымда жаппай жұмыстан шығу, негізсіз қысым көрсету, қызметтік этиканың аяққа тапталуы жиілеп кеткен. Шағым иелері ұжымның 80 пайызына дейін заңсыз ақша жинауға, басшылыққа сый-сияпат беруге қарсы шыққаны үшін қудалауға ұшырағанын айтады.
Қызметкерлердің сөзіне сенсек, Максат Айгелдиев бұған дейін Шымкент қаласындағы арнайы жасақ – СОБР-да командирдің орынбасары болған. Ол жерде де оның әдіс-тәсілдеріне төзбеген әріптестері физикалық күш қолдануға дейін барғаны, соның салдарынан командирдің жағы мен мұрны сынғаны сөз етіледі.
Маңғыстаудағы ротада қазіргі таңда моральдық-психологиялық ахуал мүшкіл күйде. Жұмысшылар жиі тіл тигізуге, кемсіту мен қорлауға тап болып отыр. Басшылық қызметтерге кәсіби біліктілігі жоқ адамдардың тағайындалуы да ұжымның наразылығын күшейткен.
Шағым түсірушілердің қолында нақты айғақтар да бар: бейнематериалдар, қаржылық құжаттар, «Беркут» базасындағы деректер мен ұшу билеттері. Бұл құжаттар Максат Айгелдиевтің биыл 31 наурыз бен 2 сәуір аралығында Астанада болғанын, бұл күндері ол жұмыста болмағанын растайды. Іссапарға байланысты ешқандай ресми себеп келтірілмеген.
Қызметкерлер әділ тергеу жүргізіліп, командирдің қызметінен шеттетілуін талап етіп отыр. Олар елге адал қызмет етуге әзір екендерін, бірақ әділетсіздікпен күресуге де бел шешкендерін білдірді.
Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталғанын растады.