Munarmedia.kz 22.01.2026 /Астана/
2025 жылдың қазан айында Маңғыстау облысындағы ҰҚК Шекара қызметіне қарасты «Үстірт» шекара заставасында қаза тапқан мерзімді әскери қызметші Еркебұлан Сағындықовтың өлімі қызметке салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелу дерегі бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады.
Қадағалау органының мәліметінше, қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жүргізілген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары процеске қатысушыларға танысу үшін ұсынылған. Бұл – тергеудің негізгі кезеңі аяқталғанын білдіреді.
Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайтын болады.
Бұған дейін хабарланғандай, Еркебұлан Сағындықовқа дизель генераторының радиаторын шаю үшін бензин алып келу тапсырылған. Техникалық жұмыс барысында ол жанармайдың буына уланып, есінен танып, кейін көз жұмған.
Алғашқы ресми ақпараттарда сарбаздың қазасы техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен түсіндірілгенімен, нақты қандай бап бойынша іс қозғалғаны және лауазымды тұлғалардың ықтимал жауапкершілігі көрсетілмеген еді.
Марқұмның туыстары бұл тұжырыммен келіспейтінін білдірді. Олардың айтуынша, Еркебұлан физикалық тұрғыда дайын болған, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Отбасы мүшелерінің әскери қызметтің шарттарына, атқарылған жұмыстардың сипатына және сарбаздың өміріне қауіп төнген жағдайдың қалай орын алғанына қатысты сұрақтары туындаған.
Жақындары командалық құрамның әрекеттеріне жан-жақты әрі әділ баға беруді талап етіп отыр.