Маңғыстауда полицейлер арасындағы «қылмыстық топ» туралы айыптаулардан кейін ІІМ комиссиясы тексеріс бастады

44

Munarmedia.kz 25.12.2025 / Астана/-Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшылығына қатысты ауыр айыптаулар жарияланғаннан кейін ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы Ақтауға қызметтік тексеріс жүргізу үшін аттанды. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған желіде тараған анонимді ұжымдық хат себеп болды. Онда Маңғыстау облыстық ПД бастығы мен оның орынбасарлары «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айып тағылған. Хаттың авторлары өздерін департамент қызметкерлері ретінде таныстырып, басшылықтың әрекетіне шағымданады.

Полиция департаменті таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, облыстық ПД бастығы Сағындық Аяғанов бұл мәселені тексеруді өз бастамасымен сұраған. Ол ІІМ мен өзге де уәкілетті органдарға хат жолдап, жарияланған деректерді толық әрі ашық тексеруді өтінген. Сондай-ақ, ол тексеріс жұмыстарына мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерін де тартуды ұсынған.

19 қарашада әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған ұжымдық хат Қазақстан Президентіне, Бас прокурорға, ҰҚК төрағасына және ІІМ басшысына жолданған. Онда департаменттің бірқатар басшыларына қатысты ауыр айыптаулар келтірілген.

Авторлардың айтуынша, басшылық қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, қызметкерлерді орындалмаған жұмыстарға акт (Форма-1), жалған шот-фактуралар және төлем құжаттарына қол қоюға мәжбүрлеген. Сонымен қатар, бюджет қаражатын өздеріне бағынысты «жалған» компанияларға аударды деп көрсетілген.

Хатта 2025 жылы Маңғыстау облыстық ПД-ға жергілікті бюджеттен 27 млрд теңге бөлінгені, оның 12 млрд 61 млн теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайту және ғимараттарды күрделі жөндеуге бағытталғаны айтылған. Жекелеген жобалар республикалық бюджет есебінен де қаржыландырылғаны көрсетіледі.

Аноним авторлар тексеріс барысында жауапкершілік өздеріне жүктеліп кетеді деп қауіптенетіндерін білдірген. Олар «құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, заңдылықты қалпына келтіруді» сұраған. Хатта егер шара қолданылмаса, қызметкерлер «ұжымдық наразылыққа шығуға мәжбүр болатынын» ескерткен. Мұндай жағдай бұған дейін Ақтау қалалық полициясында екі рет болғаны айтылған.

Маңғыстау облыстық ПД бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, таратылған хатты «фейк» деп атады. Ведомство басшысы мен департаменттің өзге де басшыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру туралы мәліметті шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Қызметтік тексерістің нәтижелері туралы кейін қосымша ақпарат беріледі деп күтілуде.


#саясат #Құқықтықжаңалықтар #Маңғыстау #ІшкіІстерМинистрлігі #Munarmedia