Маңғыстаудағы есірткі дауы – әкімдер институтына соққы

58



Munarmedia.kz. 18.09.2025 ж. /Астана/-Маңғыстау облысында орын алған резонансты оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Полицияның есірткі қылмысына қарсы басқармасы жүргізген арнайы операция барысында Мұнайлы ауданы әкімінің бірінші орынбасары Алибек Бердібекұлы Өтегенов (1984 ж.т.), Атамекен ауылы әкімінің орынбасары Абзал Абаевич Дастанов (1990 ж.т.) және облыс тұрғыны Нұрым Ердәулет (2000 ж.т.) ұсталды.

Күдіктілер Ақтау қаласындағы 31 «Б»-18-7 мекенжайында қолға түсті. Тінту кезінде олардың жанынан салмағы шамамен үш грамм болатын, опийге ұқсас есірткі заты табылып, тәркіленді. Қазіргі таңда олардың жұмыс орындары мен тұрғылықты үйлерінде қосымша тінтулер жүріп жатыр.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 302-бабы, 1-бөлігі («Есірткі заттарын заңсыз сақтау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңға сәйкес, мұндай қылмыс үшін қатаң жауапкершілік көзделген.

Бұл оқиға тек қылмыстық жағдай емес, саяси салдары бар үлкен мәселе. Әкім орынбасарлары – мемлекет пен халық арасындағы ең жақын буын, жергілікті саясатты жүзеге асыратын тұлғалар. Олардың есірткі дауына ілігуі – мемлекеттік қызмет жүйесіне түскен ауыр көлеңке.

Қоғамда бірден сұрақ туындайды:

  • Лауазымды тұлғаларға дейін есірткі желісі жеткен болса, онда жергілікті билік институттары қаншалықты сенімді?

  • Бұл тек жеке азаматтардың қылмысы ма, әлде мемлекеттік қызметтегі моральдық құлдыраудың көрінісі ме?

Жемқорлықтан кейінгі соққы енді есірткі арқылы келіп отыр. Халық арасында: «Әкімдердің өзі заңды аяққа таптаса, қарапайым тұрғындардан қандай тәртіп күтпек?» деген күйінішті сұрақтар айтылуда. Мұндай істердің жабулы қазан күйінде қалуы мүмкін емес – себебі бұл жергілікті басқару жүйесіне деген сенімді мүлде шайқалтады.

Маңғыстаудағы жағдай мемлекеттік қызмет жүйесін қайта қарауды талап етеді. Бұл тек құқық қорғау органдарының емес, тұтас мемлекеттік басқарудың беделі сыналатын сәт. Егер кінәлілер әділ жазасын алмаса, әкімдер институтына қоғам сенімі қайтып оралмайды.

Маңғыстаудағы әкім орынбасарларының ұсталғаны – елдегі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен бақылау механизмдерінің әлсіздігін әшкереледі. Қазір қоғам биліктен айқындық, әділ тергеу және нақты саяси шешімдер күтуде. Бұл оқиға елдің саяси мәдениеті үшін үлкен сынақ болмақ.