Мәскеу әуежайлары жыл басынан бері дрон қаупіне байланысты 200-ден астам рет жабылды

48


Munarmedia.kz | 20.06.2026 | ASTANA– 2026 жылдың басынан бері Мәскеу авиациялық торабына қарасты әуежайларда ұшқышсыз ұшу аппараттарының қаупіне байланысты кемінде 214 рет уақытша шектеу енгізілген. Бұл туралы ресейлік БАҚ деректеріне сүйенген «Вот так» басылымы хабарлады.

Басылым мәліметінше, 1 қаңтар мен 19 маусым аралығында Мәскеудегі Шереметьево, Домодедово, Внуково және Жуковский әуежайларының жұмысы бірнеше мәрте тоқтатылған. Сарапшылар соңғы айларда мұндай оқиғалардың саны күрт артқанын атап өтеді.

Статистикаға сәйкес, қаңтар айында әуе қозғалысына қатысты шектеулер 23 рет енгізілсе, ақпанда – 15, наурызда – 43, сәуірде – 13, мамырда – 67 рет тіркелген. Ал маусымның алғашқы үш аптасына жетпейтін уақыт ішінде әуежайлар жұмысы 53 мәрте уақытша тоқтатылған. Әсіресе, 8–19 маусым аралығында шектеулер күн сайын енгізіліп отырған.

18 маусымға қараған түні Мәскеу мен Мәскеу облысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғалы бергі ең ірі дрон шабуылдарының біріне ұшырады. Ресей тарапының мәліметінше, ел астанасына қарай шамамен 200 ұшқышсыз аппарат бағытталған.

Шабуыл салдарынан Капотня ауданындағы мұнай өңдеу зауытында өрт шығып, «Садовод» базары мен «Мега Белая Дача» сауда орталығы зақымданған. Ресми деректер бойынша, оқиға кезінде 10-нан астам адам жарақат алып, бір бала қаза тапқан.

Соңғы айларда Ресейдің орталық өңірлеріне жасалатын дрон шабуылдарының жиілеуі азаматтық авиация жұмысына елеулі әсер етіп, рейстердің кешігуі мен тоқтатылуына себеп болып отыр.

#Мәскеу #Ресей #Әуежай #Дрон #ҰҚА #Авиация #Қауіпсіздік #Украина #Munarmedia