Munarmedia.kz.07.08.2025 ж. /Астана/-Ресей астанасының орталығында – Павелецкий вокзалына жақын маңда арнайы операция жүргізіліп, 300 шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзды деген күдікпен ұсталды. Бұл жөнінде «Росгвардия» ресми түрде хабарлады.
Рейдке Ресей Тергеу комитеті мен «Авангард» ОМОН жасағы, сондай-ақ Ұлттық ұлан қызметкерлері жұмылдырылған. Барлығы 400-ге жуық шетелдік азамат тексеріліп, олардың төлқұжаттары, көші-қон карталары мен еңбек патенттері мұқият қаралған.
«Көші-қон ережелерін бұзды деген күдікпен 300 адам ұсталып, одан арғы тергеу амалдары үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді», – делінген ресми хабарламада.
Тәжікстандық «Вечёрка» басылымының дерегінше, рейд кезінде тексерілгендердің басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейтін Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары болып шықты. Арнайы шара барысында барлығы 750-ден астам адам қамтылып, олардың 20-сы әскери комиссариаттарға жөнелтілген.
Осыған орай Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін және Мәскеудегі елшілік пен тиісті ресейлік органдармен тұрақты байланыста жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.