Қазақстан Парламенті шетелдік қаржыландыру мәселесін қайта көтерді. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин шетелден қаржылай қолдау алатын үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметіне алаңдаушылық білдірді. Ол феминистер, ЛГБТ және жастар субмәдениеттерін (эмо) ерекше атап өтті.
«Олар біздің саяси күн тәртібімізге ұлтшылдықты, діни алауыздықты, жергілікті аймақшылдық пен трайбализмді енгізуде», – деді депутат.
🔹 USAID пен шетелдік ұйымдар туралы пікір
Жаңбыршиннің айтуынша, кейбір шетелден қаржыландырылатын ҮЕҰ Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың алдында жағымсыз етіп көрсетуге тырысады.
«Олар шетелдік демеушілеріне бізде адам құқықтары бұзылады, сөз бостандығы шектеледі, ел құлдырау алдында тұр деген ақпарат береді. Қазақстанның дамуы оларға тиімсіз, өйткені бұл олардың "гуманитарлық бизнесі" арқылы жеке пайда табуына кедергі келтіреді», – деп санайды депутат.
🔹 Қатаң бақылау енгізуді ұсынды
Депутат бұл салада тәртіп орнату қажет екенін айтып, елдің ішкі істеріне араласатын қорларды анықтап, бақылауды күшейтуді ұсынды.
«Шетелдік қаржы алатын ұйымдардың қызметін реттейтін қолданыстағы заңнаманың тиімділігін талдау керек. Сондай-ақ шетелдік гранттар есебінен қаржыландырылатын жобалар мен ұйымдардың қызметін бақылау мен реттеу механизмдерін жетілдіру қажет», – деді Жаңбыршин.
Ол, егер шетелдік ұйымдар ұлттық құндылықтарға қайшы келетін және елдегі тұрақтылықты шайқалтуды көздейтін жобаларды қаржыландырса, оларды жабу керек екенін айтты.
🔹 Эмо және субмәдениеттер жайлы
Жаңбыршин эмоны «ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған субмәдениет» деп атап, олар миллиондаған доллармен қаржыландырылғанын мәлімдеді.
2024 жылдың қарашасында депутаттар хиппилер, готтар және квадроберлер туралы да алаңдаушылық білдірген болатын.
📌 Дереккөз: t.me/orda_kz