Munarmedia.kz 23.01.2026 /Астана/
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) мен «СК-Фармация» қызметінде анықталған заңбұзушылықтар үшін бұрынғы денсаулық сақтау министрлері мен вице-министрлері жауапқа тартылуы тиіс деп санайды.
Депутат бұл туралы сәрсенбі күні Мәжіліс кулуарында журналистерге берген пікірінде мәлімдеді. Оның айтуынша, бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«СК-Фармация бойынша жақын арада жаңалықтар болады. Біз ұсынған деректер негізінде қылмыстық іс тіркелді, қазіргі таңда тергеу шаралары жүріп жатыр. Ал МӘМС бойынша әлі құқықтық баға берілмеген фактілерге қатысты осы аптада Бас прокуратураға өтініш жолдаймыз», – деді Бақытжан Базарбек.
Ол сондай-ақ МӘМС жүйесінде бұған дейін жұмыс істеген, бірақ қазір қызметте жоқ лауазымды тұлғалардың да жауапкершіліктен жалтармауы керектігін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы қаржылық және басқарушылық кемшіліктерге жол берген барлық жауапты тұлғалар заң аясында тиісті бағасын алуы тиіс.