Мәжіліс жаңа Құрылыс кодексін екінші оқылымда қабылдады

24

Munarmedia.kz 01.12.2025 / Астана / Парламенттің төменгі палатасы архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормаларды жүйелеуге бағытталған жаңа Құрылыс кодексін және оған сәйкес түзетулерді мақұлдады.

Құжатта бірқатар маңызды жаңалықтар бар. Енді жобаларды әзірлеу кезінде сейсмикалық қауіптілік пен сейсмориск міндетті түрде ескеріледі. Сонымен бірге қолданыстағы нысандарды паспорттау талабы енгізіледі. Ғимарат паспорттарын жергілікті атқарушы органдар әзірлейді — бұл тозу деңгейін анықтауға, конструкцияларды тексеруге, нысанды апатты деп тануға және оны реновациялау жөнінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Кодекс инженерлік ізденістерсіз жобалау және құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салады. Сондай-ақ тығыздық, биіктік немесе әлеуметтік инфрақұрылым нормалары бұзылатын болса, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгеріс енгізуге жол берілмейді.

Құрылыс саласында бақылау күшейтіледі: ГАСК-ке (мемлекеттік архитектуралық-құрылыстық бақылау) жедел әрекет ету тетігі беріледі. Бұл тетік өрескел заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, соның ішінде БАҚ пен азаматтардың хабарламалары негізінде, құрылысты дереу тоқтата тұруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, объектілерді қабылдау жұмыстарына ГАСК пен ТЖМ өкілдері де қатысатын болады. Ал кепілдік мерзімдері айтарлықтай ұлғайтылады: конструкциялар бойынша — 10 жылға дейін, нысанның толық эксплуатациясы бойынша — 5 жылға дейін.