Меккеге барудан бас тартқан павлодарлық қария садақасын балаларға арнады. Муфтият оны қолдады

283

Munarmedia.kz. 11.07.2025 ж. /Астана/-Павлодарлық зейнеткер Сағадат Жұмабаев өмір бойы армандап келген қажылық сапарынан бас тартты. Жасы тоқсаннан асқан ақсақал Меккеге бару үшін ұзақ жылдар бойы қаржы жинаған. Ол қажылыққа жететін шамамен үш жарым миллион теңге қаражат жинап үлгерген болатын. Алайда сапарға жол жабық болып шықты – бұл жаста қажылыққа бару үшін міндетті түрде бірге жүретін серіктес қажет. Ал қарт адам қарттар үйінде тұрады және жақын туыстары жоқ.

Осы жағдайды ескере отырып, Сағадат ақсақал қажылыққа жиналған қаражатын қоғамға пайдалы іске жұмсауды ұйғарды – бар ақшасын көмекке мұқтаж балаларға садақа ретінде үлестірді.

Оның игі әрекеті көпшіліктің жүрегін тебірентті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы ақсақалға арнайы қажылық жолдамасын табыстады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажының тапсырмасы бойынша, Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы ақсақалға қажылыққа жолдама берді», – деп хабарлады Муфтияттың баспасөз қызметі.

Сағадат Жұмабаевтың қайырымдылығы нәтижесінде 30 мүмкіндігі шектеулі бала қайырымдылық көмек алды. Әр балаға – 120 мың теңгеден бөлінді.