Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух екі ел делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесудің қорытындысына жоғары баға беріп, Моңғолиямен мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.
– Қазақ және моңғол халықтары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрдайым қуанамыз. Қазіргі уақытта Сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. «Vision-2050», «Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі», «Салауатты моңғол ұлты» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.