Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

31

Munarmedia.kz 30.12.2025 /Астана/ – Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесінде ұлттық энергетикалық жүйенің тұрақтылығына арналған отырыс өтті.

Жиын барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік орган басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Президент қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда энергетикалық қауіпсіздік мемлекеттің тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті.

Қазіргі таңда елдің электр энергиясымен өзін-өзі қамтамасыз етуге ресурстық әлеуеті жеткілікті болғанымен, тұтыну көлемінің артуы қолда бар қуаттарды ұтымды әрі тиімді пайдалануды талап етеді.

Осы орайда отандық маневрлік қуаттарды дамыту қажеттілігіне ерекше мән берілді. Газ генерациясын дамыту және энергия жинақтау жүйелерін енгізу жоспарларымен қатар, гидроэнергетика саласының әлеуетін пайдалану өзекті екені атап өтілді.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы аграрлық секторда, өнеркәсіпте және экономиканың өзге де салаларында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталды.

Отырыста саланы ғылыми-техникалық және кадрлық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Гидроэнергетиканың ғылыми-зерттеу базасын дамыту үшін де білікті мамандар даярлау қажеттігі атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша Үкімет пен өңір әкімдеріне елдің энергетика саласының тұрақтылығын жүйелі түрде қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.