Munarmedia.kz 20.01.2025 /Астана/-Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтті.
Іс-шараның басында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған жұмысы туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға бағытталған конституциялық өзгерістердің ауқымды пакеті әзірленіп жатқанын атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ ұстанымын таныстырып, ұсынылып отырған реформалар саяси жүйені заман талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан түскен ұсыныстар негізінде қалыптастырылған конституциялық реформаның негізгі тәсілдері туралы баяндады.
Атап айтқанда, өткен жылдың қазан айынан бері өткен отырыстарда жаңа бірпалаталы Парламенттің қызметіне қатысты мәселелердің толық спектрі жан-жақты қаралған.