2025 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев жұмыс сапарымен Ақкөл ауданына келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттарды түсіндіруге арналған кездесу өткізді.
Іс-шараға аудан әкімдігі мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер, білім және мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – Президент Жолдауында белгіленген реформалардың мәнін түсіндіру, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын жергілікті деңгейде тиімді іске асыру тетіктерін талқылау және қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогты нығайту болды.
Мәлік Нұржанұлы өз баяндамасында әлеуметтік-экономикалық өсім, ауыл шаруашылығын жаңғырту, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру үдерісін жеделдету және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
– «Ақкөл ауданы – әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында оң серпін байқалуда. Әсіресе цифрлық даму мен инновацияны енгізу бағытында нақты нәтижелер бар. Бұл – өңір халқының белсенділігі мен жаңа көзқарасының айқын көрінісі», – деді Мәлік Отарбаев.
Сондай-ақ ол Президент бастамаларының табысты іске асуы қоғамның бірлігіне, азаматтардың жауапкершілігі мен еңбекқорлығына байланысты екенін атап өтіп, мемлекеттік саясаттың басты өзегі – адамның әл-ауқаты мен аймақтардың теңгерімді дамуы екенін жеткізді.